Бүгін Алматыда ЮНЕСКО аясында мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығында «Азербайжан Мамбетов: путь к славе», атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кітаптың авторы - журналист және жазушы Назым Сапарова. Шара онлайн форматта өтті.
«Кітап жазу жұмысы төрт жыл бұрын басталған. Жазуға, деректерді тексеруге, сұхбат алуға үш жыл уақыт кетті. Бұл мен үшін ерекше кітап болды. Бұл - әңгіме жанрындағы баяндау. Мен оның өмірін негізге алдым. Оның қалай дүниеге келгенін, отбасы, екінші дүниежүзілік соғыстан қалай аман-есен оралғаны, балалар үйіне қалай тап болғаны, хореографиялық училищесіндегі кезі және қалай режиссер болуға шешім қабылдағанын жаздым», - дейді жазушы.
Оның айтуынша, Әзірбайжан Мәмбетовтің өнерге деген құштарлығы 12 жасында оянған. Ол Шәкен Аймановтың «Алтын мүйіз» фильмінде ойнады.
«Осы картинадан кейін ол режиссер боламын деп шешеді. Оның арманы орындалды. Ол - алдына үлкен мақсат қойған адам. Жетім бала өмірінің соңында «Халық қаһарманы» атанады, бұл - ең жоғарғы марапат. Ол халықының сүйіспеншілігіне бөлене білді. Адамдардың ол кісіні қалай құрметтейтінің өз көзіммен көргенмін. Тірі болса, көптеген шедевр жасайтын еді», - деп атап өтті автор.
Сонымен қатар, Назым Сапарова бұл кітапты жазу кезінде біраз қиындықтар болғанын айтты.
«Өкінішке қарай, мен оның фильмдерін көре алмадым, өйткені олар бұрынырақта түсірілген. Ол үшін архивке кіру керек болды. Интернеттен тапқаным - бұл басқа мәселе. Десек те, кей картиналарын көріп шықтым. Атап айтар болсам, «Қан мен тер» және «Жаушы» киносы. Мен оқырманға оның шынайы өмірдегі жолын көрсеткім келді», - дейді автор.
Сонымен қатар, іс-шараға автордың әріптестері мен сыныптастары қатысты. Олар да өз ойын ортаға салды.
«Мен кітапты қуана-қуана оқып шықтым. Кітап өте объективті, әсерлі болып шығыпты. Бәлкім автордың өзінің осы адамға деген әсерлі көзқарасы болғандықтан шығар. Назым үнемі ол кісіні «біздің әкеміз» деп сөйлейді. Мен үшін бұл - үлгі-өнеге. Шын мәнінде Қазақстанда ақсақалдарға деген құрмет ерекше», - дейді автордың курстасы және ҚазҰУ оқытушысы Лариса Нода.
Назым Сапарова кітапты Алматыдағы кітап дүкендерінен және Facebook арқылы хабарласып тапсырыс беріп сатып алуға болатынын айтты.
Сондай-ақ кітап биыл қазақ тілінде шығады.
Қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтеріп, кеңестiк дәуiрде-ақ өзiнің дарынымен қазақ театрының мәртебесiн аспандатқан, сахналық шешiмдерiнiң тереңдiгiмен жаңашыл режиссер атанған өнер тарландарының бірі Әзірбайжан Мәмбетов 2009 жылы 78 жасына қараған шағында дүниеден озды.
Ә.Мәмбетов «Отан», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» орден- медальдарымен марапатталған.
КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Қазақстанның халық әртісі атанған. Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы.