29 қаң, 2024 сағат 10:33

Алматы облысында әйелге шабуыл жасаған екі ер адам ұсталды

Фото Polisia.kz

Алматы облысында қарт әйелді тұншықтырып, оны тонап кеткен ер адамдар ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.

ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, Еңбекшіқазақ ауданының полициясына 81 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында медициналық бетперде киген екі бейтаныс жігіт үйінің ауласына кіріп, оны тұншықтырып, ұялы телефон мен қолма-қол ақшасын ұрлап кеткенін баяндаған.

"28 қаңтарда жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 1978 және 1989 жылғы екі Алматы тұрғыны ұсталды. Олар өз қылмыстарын толығымен мойындады.

Полиция қызметкерлері істің мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз ету үшін сараптамалық зерттеу тағайындаумен барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде" - делінген хабарламада.