30 қаң, 2024 сағат 12:18

Алматы облысында аудандық аурухана есепшісі 90 миллион теңге жымқырған

Коллаж: Azattyq Ruhy

Алматы облысында бухгалтер кәсіпкерлердің ақшасын иемденгені үшін сотталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс прокуратурасына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, ​Ұйғыр аудандық орталық аурухананың бухгалтері Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың қаражатын 90 млн. теңге көлемінде иемденгені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

​Бұл қаражатты кәсіпкерлер аурухананың банктік шотына шарттардың орындалуына кепілдік түрінде енгізген. Ал ​азаматша Д. аудандық аурухананың есепшісі бола отырып, бұл қаражатты өз шотына аудару арқылы иемденген.

"​Талдау шеңберінде Алматы облысының прокуратурасы тағы 50 млн. теңгеге бұзушылықтарды анықтады, олар 25 кәсіпкерге қайтарылуы қажет.

​Прокуратураның қадағалау актісімен ақшалай қаражаттың бір бөлігі бизнес субъектілеріне қайтарылды" - делінген хабарламада.

Айта кетейік, мердігерлер тапсырыс берушілердің шоттарына шарттық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын шарт құнынан 3% ақшалай қаражат енгізеді.

Бұл енгізілген қаражат мемлекеттік сатып алу бойынша міндеттемелер орындалғаннан кейін кәсіпкерге қайтарылады.