09 мау, 2021 сағат 20:45

Алматы - Нұр-Сұлтан ұшағындағы жанжал: Әуе компаниясының өкілі жағдайды түсіндірді


FlyArystan әуе компаниясы жақында Алматы - Нұр-Сұлтан рейсі бортында багажға қатысты шыққан жанжалдың егжей-тегжейі туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Компания Алматы - Нұр-Сұлтан рейсінің ұшағында жанжал шығарған жолаушылардың видеосын көрсетті. Бейнежазбадан жолаушы мен оның әйелі рейске бірнеше сөмкемен бара жатқанын көруге болады.

«FlyArystan КС7055 рейсінде жолаушы бейнебақылау камераларындағы жазбаға сәйкес, 2 қол сөмкемен ұшаққа кірген. Оның артындағы жұбайында да қол сөмкесі болған. Осылайша олар екі адамға 2-ден артық қол жүгін алып кірді», - делінген FlyArystan әуе компаниясының хабарламасында.

Әуе компаниясының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жолаушыға тіркеу кезінде және бортқа отырғызу рәсімі кезінде жүгін тіркемесе, рейске жіберілмейтіні туралы екі рет ескертілген. Өйткені тасымалдау ережелеріне сәйкес бортқа бір қол жүгі бар жолаушылар жіберіледі. Бірақ жолаушы авиакомпания қызметкерлерінің талабын орындамады. Жолаушы ашуланып, қызметкерді итеріп, бортқа кірді.

«Нәтижесінде ҚР Инвестициялар және даму министрілігімен бекітілген жолаушыларды, багажды және жүкті әуе көлігімен тасымалдау ережесінің 22-тармағына сәйкес авиакомпанияның біржақты тәртібімен жолаушыны шығару туралы акт жасалып полиция қызметкерлері шақырылды. Бұған жауап ретінде жолаушы мен оның достары бортта жанжал шығарып, жағдайды ұялы телефонға түсірді. Аталған факт бойынша полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасады», - деп хабарлады ведомствадағылар.