Алматы қаласы бизнестің орталығы. Соған сәйкес қаланың экологиялық жағдайы мен мобильдік мәселелері де кезек күттірмейтін жағдайлар. Осы орайда бүгін Алматы қалалық Қоғамдық кеңестің № 3 комиссиясының кәсіпкерлік, экология және қалалық мобильдік мәселесі бойынша кеңейтілген отырысы өтті. Аталған мәселені талқылаған жиында Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы төрағасы Баян Қоңырбаевтың өткен жыл бойынша есебі тыңдалды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Өткен жыл еліміз үшін ауыр жыл болғаны баршамызға белгілі. Пандемияның салдары барлық салаға әсер еткені сөзсіз. Осы орайда басқарма басшысы өз есебінде өткен жыл бойынша карантиндік жағдайдағы басқарма қызметінде туындаған мәселелер және оның шешілу жолдары жайында, атқарылған жұмыс нәтижелерімен және алдағы жоспарлармен бөлісті.
«Былтыр-биыл ешкімге де оңай болып жатқан жоқ. Әлемді әбігерге салған коронавирус уақыт өткен сайын түрленіп, басқа түрлері шығып, адамзатқа ауыр тиіп жатыр. Ал мұндай жағдайда мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау, Алматы қаласының IT-кеңесі, қаланың бірегей архитектурасы және ақпараттық жүйелерді жабдықтау, бизнестің бірегей картасы және жүзеге асыру өте маңызды. Мемлекеттік қызметтің бір қиындығы да осында, қандай жағдай болмасын, жоспарланған барлық шаруа атқарылуы керек», - деді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы төрағасы Баян Қоңырбаев.
Сонымен қатар, басқарма төрағасы өз есебін қоғамдық қауіпсіздік, көлік саласы, қаланы басқару, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала сияқты бағыттардағы цифрландыру деңгейін жүйелі жеткізді.
«Қалалық Қоғамдық кеңес не үшін керек? Міне, осындай мәселелерді бірге талқылау үшін, шешу жолдарын қарастырып, бірге әрекет ету үшін керек. Бүгін біз көтеріп отырған мәселелердің Қоғамдық кеңесте тыңдалуының өзі бір нәтиже деп білемін. Көлік саласы, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қай сала болмасын өңір үшін өзекті, мемлекет үшін маңызды екеніне күмән жоқ», - деді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы төрағасы Баян Қайратұлы.
Тыңдалған есеп беруден кейін отырысқа қатысушы кеңес мүшелері тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып тұшымды жауаптар алынды. Отырыс соңы Цифрландыру басқармасы төрағасының есебін қабылдаумен аяқталды.
«Бүгінгі тыңдалымда бизнестің бірегей картасы және оны жүзеге асыру деп жатырмыз ғой. Қоғамдық кеңесте талқыланып жатқан барлық мәселелерді қолдаймын. Өзім бизнес саласында болғандықтан, осы салаға ерекше тоқталып өткім келеді. Бизнестің бірегей картасымен жұмыс істеу үшін кәсіпкерлерге де жағдай жасалу керек. Былтыр мен биыл көптеген кәсіп саласы зардап шекті. Ақсап қалды. Ондай жағдайда кәсіпкер кәсібі мен қызметкерлерін сақтап қалу үшін мемлекеттен қаржылай көмек қажет екені сөзсіз. Сонда ғана бизнестің брегей картасымен жұмыс істеп, оны жүзеге асыра аламыз. Бүгнгі қоғамдық талқылауда осы мәселені ерекше атап өтіп, кәсіпкерлердің мәселесі жоғарыға жетсе деймін», - деді кәсіпкер Юрий Пак.
Айта кетейік, қоғамдық кеңестер - мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші, әрі бақылаушы органға айналуы тиіс. Құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері мен қарапайым азаматтар кіретін ұйым кез келген мәселе бойынша азаматтық қоғамның ой-пікірін тыңдап, онымен санасуға міндетті. Ол үшін арнайы қоғамдық тыңдаулар өтеді. Осылайша, қарапайым азаматтар елде жүріп жатқан істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік алады. 99-қадам билік пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Осыған сай қазір елдің әр қиырында Қоғамдық кеңестер жасақталған, ал мұндай беделді ұйым Алматы тарихында алғаш рет құрылды.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы бизнестің орталығы. Соған сәйкес қаланың экологиялық жағдайы мен мобильдік мәселелері де кезек күттірмейтін жағдайлар. Осы орайда бүгін Алматы қалалық Қоғамдық кеңестің № 3 комиссиясының кәсіпкерлік, экология және қалалық мобильдік мәселесі бойынша кеңейтілген отырысы өтті. Аталған мәселені талқылаған жиында Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы төрағасы Баян Қоңырбаевтың өткен жыл бойынша есебі тыңдалды. Басқарма басшысы өз есебінде өткен жыл бойынша карантиндік жағдайдағы басқарма қызметінде туындаған мәселелер және оның шешілу жолдары жайында, атқарылған жұмыс нәтижелерімен және алдағы жоспарлармен бөлісіп, қоғамдық қауіпсіздік, көлік саласы, қаланы басқару, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала сияқты бағыттардағы цифрландыру деңгейін жүйелі жеткізді.
