29 нау, 2021 сағат 14:40

Алкоголь COVID-19 жұқтыру қаупін төмендетпейді - Stopfake

«COVID-19 инфекциясынан қорғану үшін алкогольді көп ішу керек». Facebook әлеуметтік желісінде осындай ұсыныс жарияланды. Пост авторының сөзінше, сыра, шарап және спирттік тұнбалар мен бальзамдар ауруға қарсы тұруға көмектеседі. Шындығында, бұған ешқандай ғылыми дәлел жоқ, деп жазады stopfake.kz.

Алкоголь ағзаны іштен «зарарсыздандырады», барлық вирустарды өлтіреді деген миф бұрыннан бар және бірнеше рет теріске шығарылған болатын. Бірақ COVID-19 пандемиясы басталғалы ол қайта таралуда. Аурудың алдын алудың бұл әдісін жақтаушылар, ғалымдар алкогольдің вирустарды өлтіре алатын қабілетін дәлелдеген деп мәлімдеуде.

Құрамында алкоголь бар заттардың вирустарға және SARS-CoV-2 коронавирусына әсері туралы зерттеулер бар. Алайда, олар алкогольді ішу емес, қолдар мен заттардың беттерін зарарсыздандыру үшін ғана қолдануға қатысты.

ДДСҰ сайтында COVID-19 күрес аясында алкоголь ішудің пайдасы туралы миф жоққа шығарылған. Сарапшылар құрамында спирт бар ерітінділер тек қол мен заттардың беттерін дезинфекциялау үшін ғана тиімді екенін атап өтті. Оны ішу қажет емес.

Сонымен қатар, өздерін вирустан қорғау үшін контрфактілі өнім тұтынған адамдар уланып, қайтыс болған жағдайлар да тіркелген.

Ғалымдар алкогольді шамадан тыс тұтыну денсаулыққа, оның ішінде иммундық жүйеге айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін екендігін айтады. Осылайша, вирус жұққанда ағза оған төтеп бере алмауы мүмкін.