09 қаз, 2024 сағат 13:26

Әлеуметтік желіде қорлау және ақша бопсалау: Баланы кибербуллингтен қалай қорғауға болады?

Фото: Pexels.com

Кейінгі кездері жастар арасында суицид жағдайының көбеюі әлеуметтік желілер мен олардың бала психикасына әсерін зерттеуге итермелейді. Мәселен, Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов балалар арасында Telegram-дағы суицидке ықпал етуі мүмкін арналардың қызметін жеке бақылауға алатынын хабарлаған болатын. Ол бүгінгі таңда республикада 16 000 зиян сайт бұғатталғанын айтты. 

Балалар мен жасөспірімдер әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізетіні анық. Технология білімді арттыруға үлес қосып жатқанымен, екінші жағынан орасан зиянын да тигізіп жатыр. Алаяқтық, қорқыту, ақша бопсалау, бәс тігу сияқты теріс пиғылдардың көбі осы онлайн желілерде іске асып жатады. Және оның зардабын көп жағдайда балалар мен жасөспірімдер көріп жүр. 

Кибербуллинг — соның бір көрінісі. Кибербуллингтің стресс, өзін-өзі бағалаудың төмендеуі және тіпті суицидтік ойларға итермелеу сияқты ауыр салдары болуы мүмкін.

Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы "Касперский Зертханасының" басқарушы директоры Валерий Зубанов кибербуллингке әсірісе жасөспірімдер көп ұшырайтынын айтады.

«Кибербуллинг – бұл адамды немесе адамдар тобын техникалық құралдарды (телефон, планшет, ойын консолі немесе компьютер) пайдалана отырып, электрондық пошта, мессенджерлер, әлеуметтік желілер және мәтіндік хабарламалар арқылы, сондай-ақ аудио және бейне байланыс платформаларында қорлау», - деп түсіндірді ол.


Кибербуллингтің түрлеріне, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде, форумдарда немесе чаттарда адамдарға негізсіз сын айту немесе мазақ ету, аноним түрде қорлау әрекеттері, жеке ақпаратты жариялап, адамның өміріне қауіп төндіру жатады.

«Баланың кибербуллингке ұшырағанын қалай анықтауға болады» деген сұраққа Валерий Зубанов ата-ана баланың мінез-құлқын мұқият қадағалау керек дейді. Әсіресе жасөспірім шақта балалар тұйықталып, ештеңеге зауқы болмай кетуі мүмкін.

«Ата-аналар баланың ерекше мінез-құлқын қадағалауы керек: мектепке барудан қорқу, мазасыздық немесе абыржу, киім-кешек, техника немесе жеке заттардың жоғалуы, оқу үлгерімінің төмендеуі, ақша сұрау жағдайлары байқалуы мүмкін», - дейді ол.


Ал қандай да бір күдік пайда болғанда дереу дәйектер жинауға кіріскен дұрыс дейді.

«Балалар бұл мәселелермен бөлісуге ұялады, сондықтан белгілерді байқасаңыз, міндетті түрде сөйлесіңіз. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді тануға тырысыңыз. Мәселені зерттеп, дәлелдер жинаңыз. Балаңыздың интернетке не жазып, не жариялайтынын бақылаңыз. Интернетте жариялауға болмайтын ақпарат пен фотосуреттер туралы түсіндіріңіз. Баланы сенімді құпия сөздер жасауға және оларды үнемі ауыстырып тұруға үйретіңіз. Балаларыңыздың есептік жазбаларын және цифрлық деректерін қорғау үшін кешенді қорғаныс шешімдерін қолданыңыз», - деп кеңес берді Зубанов.


Валерий Зубанов кибербуллинг қалай жүзеге асуы мүмкін екенін де айып берді.

«Қаскүнем мессенджерлерде, форумдарда немесе электрондық пошта арқылы жәбірленушіге қорлайтын хабарламалар жібереді, қолдаушылар тобын құрып, жәбірленушіні одан әрі қудалауға тырысады, немесе жәбірленушінің аккаунтын клондап, жалған профиль жасап, абыройына нұқсан келтіретін мәліметтер жариялайды. Сондай-ақ ол жеке фотосуреттер мен бейнематериалдарды рұқсатсыз жалпыға ортақ ресурстарда немесе басқа адамдарға жіберуі мүмкін.
Бұл баланы психологиялық тұрғыдан ауыр күйге түсіретін қауіпті жағдай, сондықтан алдын алу шаралары мен заңды қорғаныс маңызды рөл атқарады», - дейді ол.


Заңнама және қорғаныс шаралары

2022 жылы Қазақстанда балаларды интернеттегі буллингтен қорғау туралы заң қабылданды. Бұл заң аясында кибербуллинг жағдайларын анықтау және жою бойынша шараларды қамтиды, оның ішінде әлеуметтік желілерде кибербуллингті бақылау, қауіпті контентті жою жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерге арналған мемлекеттік бақылау құрылымдарын күшейту ұсынылған болатын.

Кибербуллинг жасаған адамдарға құқықтық жауапкершілік қарастырылған. Бұл әкімшілік айыппұл салудан бастап, ауыр жағдайларда қылмыстық іс қозғауға дейінгі шараларды қамтиды.

Бұл мәселе Қазақстанда әлі де маңызды болып отыр, және оны шешу үшін әр түрлі қоғамдық, құқықтық және мемлекеттік шаралар қабылдануда.

Дайындаған: Анара Бауыржанқызы