14 шіл, 2025 сағат 15:02

Әлеуметтік желі қолданушысы нені білуі керек немесе цифрлық мәдениет туралы

Фото: Livesurf
 Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы

Әлеуметтік желінің түр-түрін белсенді қолданатын елміз. Қарапайым жасөспірімдер мен үйде отырған анадан бастап, түрлі маман, эксперттердің қоғамдағы жағдайларға қатысты көзқарасы мен жеке тұлғалық, отбасылық ахуал, мақсаттарын көптің алдына сеніп тапсыратын үлкен виртуалды орта қалыптасты. Көп адам әлеуметтік желі арқылы тұлға ретінде өсіп, пікір алмасып, бір бағыттағы өзіне жақын орта тауып жатса, енді бірі көпке ашылған бойы танымайтын адамдардың орынсыз пікірлерінен жараланып жүр. 
 

Цифрлық төзімділік

Әлеуметтік желіде сан миллион, миллиард адам отырады. Олар ‒ түрлі ұлт, тіл, дін өкілдері. Одан бөлек әркімде өз болмысына сай өз ұстанымы, өмір сүру стандарты, сәйкес көзқарасы бар.

Цифрлық төзімділік ‒ сол әртүрлі ұстанымдағы адамдардың таңдауына, шешіміне құрметпен қарау. Әсіресе ұлттық, нәсілдік, діни ерекшеліктеріне байланысты келеке етпеу, кемсітпеу, өзімізді биік қойып, өзгені құнсыздандырмау жатады.
 

Цифрлық эмпатия

Түрлі платформаларда өзінің пікірі мен сезімін, ұстанымын таныстырып немесе белгілі бір бағытта танымдық, эксперттік мәлімет беріп жатқан адамға құрметпен қарау маңызды. Оның түрлі күй, сезімде жазып жатқанын, бастысы ізгі мақсатта ақпараттандырып тұрғанын түсінуге тырысу ‒ сіздің  адамгершілігіңіздің, адамзатқа жанашырлық ниетпен қарайтыныңыздың айғағы. Блог жүргізіп отырған адамның  жағдайына сай қолыңыздан келгенше қолдау көрсету.

Әлеуметтік желідегі басты қолдау ‒  лайк басу мен жағдайға қатысты оң пікір қалдыру. Адамды орынсыз сынап, төмен түсіріп жатқан кезде кибербуллингке қатыспау немесе жақтап пікір жазудың өзі үлкен көмек. 

Орынсыз сын

Адамның өзі, ұстанымы, жеке шешімдері сізге ғана ұнамай тұрғандықтан оған жағымсыз пікір қалдыру ‒ орынсыз сын. Әлеуметтік желіде ‒ сын бар, сыннан бөлек ‒ хейт бар. Әдетте жүйелі, орынды сын жалпы адами нормаларға, ғылыми дәлелдерге сүйеніп, блог жүргізушіні әлі де дамуға итермелеп, әдепті түрде жазылады. Ал жеке жеккөрушілік байқалатын, эмоциямен әдепсіз жазылған орынсыз сын хейт саналады. Мұндайда ішкі мәдениеттің биіктігі әлеуметтік желіде оқып, көріп отырғаныңыз адамның өміріне қауіп төндіретіндей, теріс бағытта тәрбие беретіндей кесел болмаса, болмашы пікірлермен іштей келіспесеңіз де көптің көзінше ол адамды сынамай, үндемей қалу сабырлығынан шығады. 
 

ПАЙЫМ

Қазіргі таңда  сырттай бақылап отырған адамға әлеуметтік желі  әр қолданушысының сол ортадағы әрекеті  арқылы оның шынайы адами болмысынан оңай хабар береді. Адамның қандай контентпен бөлісетіндігі оның қызығушылығын, адамгершілік деңгейі мен өмірлік бағыт-бағдарын көрсетеді. Сондай-ақ оны оқып, көріп отырған қолданушының түрлі жағдайға реакциясы, пікір қалдыруы, пікір жазғандағы сөз саптауы мен әдебі оның интеллектуалдық және психологиялық жай-күйін бейнелейді.

Әрине әлеуметтік желі бізге ата бабадан қалған кәсіп, мұра емес. Оның тілін, мәдениетін енді үйреніп келеміз. Алайда медиа этика мен цифрлық мәдениетіміз дұрыс болса бір біріміз үшін көп нәрсе үйренетін, шығармашылыққа шабыт сыйлап, жасампаздығымызды дамытатын әдемі орта болар еді.