08 сәу, 2021 сағат 08:03

Әлемдегі коронавирус: Бразилияда қайтыс болғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті

Бразилияда бір тәулікте қаза тапқандар саны рекордтық көрсеткішке жетті – 4 мыңнан аса адам. Ғалымдар коронавируспен ауырғандардың үштен бірінде психикалық ауытқу белгілері пайда болады деген қорытындығы келді. Бұл туралы BBC хабарлады.

Пандемия АҚШ-та кетчуп тапшылығын тудырды. Бұл классикалық американдық фастфудқа деген сұраныстың артуынан болып отыр.

Түркияда коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік рекордтық көрсеткіші тіркелді – 50 мыңға жуық адам.

Джонс Хопкинс Университетінің дерегінше, әлемде коронавируспен 132,5 млн адам ауырған, 2,8 млн адам қайтыс болды.

Қазіргі кезде әлем бойынша ең ауыр эпидемиологиялық ахуал Бразилияда байқалады. Онда бір тәулікте 4 мыңнан аса адам қайтыс болды. Бұл – пандемия кезіндегі рекордтық көрсеткіш.

Елдегі Covid-19 құрбандарының саны 337 мыңға жетіп, Бразилия әлемде өлім саны бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр.

Ушыққан жағдайға қарамастан, Бразилия президенті Жаир Болсонару локдаун мен вирустың таралуын тежейтін кез келген шаралардың енгізілуіне қарсы шығып отыр.

Еуропадағы ахуал

Германия канцлері Ангела Меркель қысқа мерзімге тағы бір жалпыұлттық локдаун енгізуді ойлап отыр, деді сәрсенбі күні үкімет өкілі Ульрике Деммер.

Германияда коронавирус жұқтырғандар саны 3 млн адамға жақындады, пандемия кезінде 77,4 мың адам көз жұмды.

Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш сәрсенбі күні пандемия кезіндегі төртінші денсаулық сақтау министрін тағайындайды. Ол Прага ауруханасының бас дәрігері Петр Аренбергер болмақ.

Сәрсенбіден бастап британдықтарға американдық өндірушінің Moderna вакцинасы егіле бастайды. Бұл – британдықтарға AstraZeneca және Pfizer-мен қатар егілетін үшінші препарат.

Италияда саудагерлер мен ресторан иелері бастаған наразылық акциясы кезінде екі полиция қызметкері зардап шекті.

АҚШ вакцинация паспортына қарсы шықты

Ақ үй күнделікті өмірде қолданылатын вакцинация паспортының енгізілуіне қарсы шықты. Ел билігі американдықтардың жеке өмірі мен құқықтары қорғалуы керек деп мәлімдеді.

Аталмыш тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде талқыға түсті, кейбір елдерде, мысалы Израильде кеңінен қолданылады. Көп елдер бұның күнделікті өмірді қалпына келтіруге жетудегі ең тез жол деп санайды.

АҚШ – пандемиядан қатты жапа шеккен ел. Елде 31 млн адам коронавирус жұқтырып, 556,5 мың адам қайтыс болған. Кейбір штаттар экономикаға залалы көп шектеу шараларынан бұрын да бас тартқан.

Covid-19 бен психикалық ауытқулар арасындағы байланыс Covid-19 жұқтырған 230 адам қатысқан зерттеу барысында аурудан кейінгі алты айда адамдардың үштен бірінен ми жұмысының бұзылуы немесе психикалық ауытқулар белгілері байқала бастаған.

Осы деректерге сәйкес, Оксфорд университетінің ғалымдары пандемия барлық Жер тұрғындарында неврологиялық проблемалар толқынына әкелуі мүмкін дейді.

Зерттеушілер барлығы 14 түрлі ауытқу анықтаған, кең таралғандары – депрессия, алаңдаушылық және көңіл-күй құбылмалылығы. Ковидтен кейінгі инсульт (7% ауыр жағдайдағы науқастарда) және деменцияның ерте белгілері (2%) сирек кездеседі, дегенмен ғалымдар бұларды да ескерген жөн дейді.

Соған қарамастан ғалымдар коронавирустың адамның жүйке жүйесіне дәл қалай әсер ететінін әзірге айта алмайды.

Ғалымдардың айтуынша, коронавирусты ендігәрі тек респираторлық инфекция деп қабылдамаған жөн. Жоғарыда айтылған мәселе дереу зерттеуді және тиісті шаралардың қолданылуын талап етеді.