30 сәу, 2021 сағат 16:51

Әлемде қолданыстағы вакциналардың бірде-бірі сынақтың 3-сатысынан өткен жоқ – Күнсұлу Закария


Әлемде қолданысқа рұқсат етілген вакциналардың бірде-бірі сынақтың үшінші сатысынан толық өткен жоқ. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде қолданысқа рұқсат етілген вакциналардың бірде-бірі сынақтың үшінші сатысынан толықтай өткен жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия кезеңінде алғашқы екі сатыда жақсы нәтиже көрсеткен вакцина медицинада қолдануға болады деген шұғыл шешім қабылдаған болатын. Сондықтан бізде де барлық клиникалық зерттеулердің толық өткенін күтетін уақыт жоқ», - деді Күнсұлу Закария Білім және ғылым министрлігінің Instagram-парақшасында өткен онлайн брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, аралық нәтиже жақсы болған кезде вакцинаны қолдануға рұқсат беріледі. 

«Осылайша, өзге вакциналар сияқты біздің де вакцинамыз уақытша мемлекеттен тіркеуден өтті және клиникалық зерттеудің 3-сатысы 50 пайызға орындалғаннан кейін медициналық қолданысқа енгізілді. Аталған вакцинаның нақты көлемі шығарылды. Бүгінде коронавирус инфекциясынан вакцинадан өзге қорғаныс құралы жоқ екендігін түсіну қажет. Дәрілік зат әлі жасалмады, олар енді ғана жасалатын болады», - деді институт бас директоры.