Ұлт порталы поштасына шығысқазақстандық бір топ қоғам белсендісінің ашық хаты келіп түсті. Хат авторлары шет елдердегі қазақ ағайындардың бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, ел болып жұмылуға шақырады.
редакциядан
ТАРТ ҚОЛЫҢДЫ ҚАЗАҚТАН!
Барша Жер планетасы тұрғындары! Соңғы жылдары Қытай Халық Республикасына қарасты Шығыс Түркістан территориясын есте жоқ ескі заманнан мекендейтін екі миллиондай этникалық қазақтар түрлі зорлықтарға тап болуда. Табанға титтей тікенек кірсе, бар денең ауыратыны сияқты аз ғана халықтың тағдыры мен қиналысы күллі планета жұртшылығын алаң етсе керек-ті. Өйткені, «Құдай деген – махаббат», сол себепті бір халықтың көз жасы күллі адамзат күйзелісі есепті. Адам Ата ұрпақтары біріксе, ортақтасса ғана әлемде тыныштық орнамақ, әділеттілік салтанат құрмақ.
Өз қолтығындағы бұратана елдердің әуелі тұрмысына жағдай жасап жуасыту, онан кейін қытайша сөйлету, ақырында таза қытайландыру. Осы ортағасырлық саясат Аспан асты елінде дәйім үнсіз дүрсілмен өтіп отырды. Тап қазіргі таңда оның қазақ диаспорасы басына төнгені хақ. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалмақ, сол себептен 1990-жылдардың соңында сөз болып отырған аумақта ұлттық мектептер жабылып тынған. Сонан беріде қытай өкіметі ұстанған репрессиялық саясат, яғни тұқымымен құрып кетпегі керек деп тұтынған әдісі, жасаған зорлығы аз халықтарды есеңгіретіп, рухы мен тұрмысын көп өзгеріске ұшыратты. Соның бір көрінісі – қазақ-қытай шекарасының арғы, бергі жағындағы туыстар қатынасының үзілуі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы тарихи отанына оралған бір миллиондай қазақтың туған-туыстары бірінің әке-шешесі, енді бірінің аға-қарындастары дегендей қытай аумағында қалып отырғанын ескергенде бұл гуманизм құндылықтарына да, халықаралық нормаларға да керағар саясат екені сөзсіз. Туыс пен туысты айырудан асқан теперіш, қорлықтың көкесі бола ма?
Айғақтар жетіп артылады. Ш. деген репатриант, еңбегі сіңген егде адам ыхтияр хат (шақыру қағаз) бойынша зейнетақысын алуға Қазақстаннан Қытайға барған. Енді оны кері жібермей, үй қамаққа алған көрінеді. Тұтқын кісінің отбасы үш ай бойы зарыға күтуде. Тек зейнетақы алудың зары бұл. Көрші мемлекеттің селт етпес пақырлар екен деп басынғандығы ма, әлде қорқытып-үркіту тәсілі ме, бір Құдайға ғана аян. Бірақ ақпарат заманы қазір, ештеңені жасыру, тасалау мүмкін емес. Халық қытай үкіметі тарапынан жасалып отырған бұғаулаудың сан алуан жантүршігерлік фактісін көріп-біліп отыр. Әлеуметтік желілер де, ел іші әңгімесі де соның куәсі, қытайдағы қазақ тағдыры туралы естімедім, білмедім дейтін көрсоқыр, әй, жоқ шығар-ау.
Қадірменді қазақ қауымы! Қашанға шекті қамсыз, тым-тырыс отыра беруге тиіспіз? Түк көрмегенсіп, түк білмегенсіп қатерлі жерде қаперсіз отырғаннан асқан дәрменсіздік бар ма, бауырлар! Үнсіз қалмайық, әрбір оныншы қазақ құрып жоқ болсын деген саясатқа қарсы қарекет қылайық, мәселені дұрыс шешу деген бар, соған ықпал етейік, ағайындар!
Азаттық сүйгіш планета халқы! Қолдаңыздар бізді! Қытай қазақтарына біріге араша түсейік! Адамзат ХХІ-ғасырда өмір сүріп жатыр, бүгінгі өркениет биігіне жеткізген феномен – мейірім һәм әділет! Егер әлемді әлімжеттілік жайлап алса, шектен шыққан зорлық-зомбылық ойнақ салса, онда қайуаннан артықшылығымыз қайсы?! Ұлы гуманист, қазақтың данышпан перзенті Абай былайша аманат еткен: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Ортақ үйіміз - көгілдір планетада бейбіт өмірді сақтап тұрған құдірет – ядролық қарулар емес, адамгершілік қағидалар екені айдай ақиқат.
Біз, ХХ-ғасырда көрмеген құқайы жоқ, әлеуметтік катастрофадан көз ашпаған, саны аз халықпыз. Сондықтан «Тарт қолыңды, қазақтан!» деп үндеу тастауға, әлемдік қауымдастық қолдауына үміт артуға толық құқымыз бар.
Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысының
қоғам белсенділері атынан:
Құсмилә Нұрқасым
Асан Омаров
Мұхаметқазы Мұхамеди
Хамит Ысқақов
Маулет Қилыбай
Кеңесбек Райымхан
Бауыржан Игілік
Мерей Қарт
Мирас Құсайын
Аймұханбет Бейсенбеков