Еуропалық комиссия туристік маусым басталар алдында Еуроодаққа бірыңғай «цифрлық жасыл сертификат» құжатын енгізбек.
Бұл туралы ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналы хабарлады.
Аталған құжат адамның covid-19-ға қарсы екпе алғанын немесе коронаиврусқа тексеруден өткенін білдіреді. Яғни, ол адам Еуропа аумағында еркін жүре алады.
Израиль мемлекеті де осындай шаралар қолданып жатыр. Барлар, мейрамханалар, мұражайлар мен театрлар қайтадан ашылғаннан бері бір аптадан астам уақыт өтті. Бірақ сіз оларға «жасыл төлқұжат» болған жағдайда ғана кіре аласыз - Израильде вакцина төлқұжаттары осылай аталады. Құжат вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін бір аптадан соң беріледі.
Ресей ковидтік шектеулерді біртіндеп алып тастай бастады: Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков статистика бұрын енгізілген санитарлық шараларды кезең-кезеңімен алып тастауға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен бірге, Ресей билігі, коронавирустың жаңа штамдары пайда болу мүмкіндігіне орай, қырағы болуға шақырады.
Испанияда туристік маусым басталып жатыр. Бенидорм жағажайларында демалушылар көбеюде. Егер келушілер коронавирусқа теріс нәтижелі тест ұсынған жағдайда, Гандия 50 мыңнан астам адамды қабылдауға дайын.