Пуэрто-Рикода "Әлем аруы-2021" сұлулық байқауының 70-мерейтойы аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Байқау жеңімпазы, тәж иегері польшалық Каролина Белявская болды. Бұл туралы байқаудың Twitter-дегі ресми парақшасында хабарланды.
Бірінші вице-мисс америкалық Шри Сайни, екінші вице-мисс Кот-д'Ивуардан келген Оливия Яс атанды.
Каролина әлемнің 97 елінен келген қатысушылардан озды. "Әлем аруы" байқауын ұйымдастырушылардың айтуынша, 22 жастағы Каролина қазіргі уақытта менеджмент саласында магистр дәрежесін алып, докторантурада оқуын жалғастырып жатыр. Ол модель боп та жұмыс істейді.
Ару қайырымдылықпен де айналысады. Оның "Сұлулық мақсатымен" атты жобасы Польшадағы үйсіз жандарға үнемі көмек көрсетеді. Жоба Польшадағы Лодзь қаласындағы 300-ге жуық мұқтаж адамға ыстық тамақ, азық-түлік, киім, маскалар, заңгерлік кеңестер мен кәсіби медициналық қолдау көрсетуге бағытталған.
"Әлем аруы" байқауында Қазақстан атынан ақтөбелік 23 жастағы Назерке Карманова өнер көрсетті.
Еске салайық, 2021 жылғы "Әлем аруы" сұлулық байқауының финалы қатысушылар арасында COVID-19 таралғаны белгілі болғаннан кейін кейінге қалдырылған болатын.
1079 рет оқылды