Журналистер күні қарсаңында қалам қуатын халық игілігіне арнаған, профессор, журналист Алдан Айымбетовтің (1931-2006) бір мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Қазақ журналистикасының қара нары Алдан Айымбетовтің ұшан-теңіз еңбегі ел жадынан ұмытылмақ емес. Бұл мақала 1999 жылы «Жас Алаш» газетінде жарық көрген екен. Мархабат!
Бізге намыс жетпей тұр
Совет заманында жүрегінде оты бар азаматтар үнсіз, күн көрушілік жолында бұғып келдік емес пе? Менің биографиям да, географиям да өсуге сай емес еді. Оның үстіне жағымпаздықты қаламайтын, турашыл мінезім де бөгет болса керек, жай философияның доценті, кейінірек профессор болып келдім, 60-қа таянғанда ғана кафедра меңгерушісі болдым.
Қоғамға деген теріс пікір сонау студенттік шақтан-ақ қалыптаса бастаған еді. КПСС-тің ең озбыр партия екеніне ерте көзім жетті. Лениннің ілімін де, әсіресе, оның ұлт саясатының көзбояу, жалған саясат екенін де тез түсіндім. Күн көру үшін орысша сауатты болуға тырыстым, орыстың өзін үйрететін (еврейлерше) дәрежеге ұмтылдым. Соның арқасында, өлшеулі нанымды адал тауып келдім. Ешкімнен пара алған емеспін, пара берген де емеспін. Жетісудың Бекболат батыры да пайғамбар жасына келгенде найза ұстады емес пе? Мен 60-қа таянғанда қазаққа ел болудың ақтық мүмкіндігі туды, мұнымен қабат сол мүмкіндіктен айырылып қалар қаупі де пайда болды. Мұның себебі, қазақтың қамын ойлап, толғанып отырған басшылар жоқтың қасы. Әркім өз қамының құлы болып түрған зар-заман. Бұған қосымша білім де саяз, ақыл да тапшылау болса керек, тек тіл мен жаққа, күшке сүйенушілік.
Соңғы Конституцияны қабылдағанда ұлттық идея дегенді өз еркімізбен аластап, қазақ халқының төбесіне «Қазақстан халқы» дегенді отырғыздық емес пе?.. Ал, енді, экономиканың төте жолы туралы әңгімеге келсек, мен алдымен жоғалтып алған экономика жолына түсу мәселесін алға қояр едім. Сонан кейін ғана, соның төте жолын карастыруға болар еді. Қазақстан «Ә» дегеннен-ақ экономикаға ешбір қатысы жоқ жабайы да, тұрпайы күн көру жолына түсіп, есеңгіреп тұрса керек. Бұл ретте биік мінберлерден жиі естіліп тұрған жартылай ғылыми, жартылай «сырғай» әңгімелер – бос сөз. Ең үлкен қателігіміз - шаруашылықты ұйымдастыру міндетінен бас тартуымыз. Капитализм осылай екен дейтін жалған түсінушілік. Бұл - кешірілмейтін надандық. Қайсыбір мемлекет болмасын, қай заманның мемлекеті болмасын, ол әрине, саяси ұйым десек те, ең алдымен саяси-экономикалық күш. Осы жағдайды түсінген елбасшыға осыны түсіндіретін шын мәнінде білімді маман болмағаны өкінішті-ақ.
Қысқасы, «асық ойнап» азып, «доп ойнап» тозып тұрмыз. Халық меншігіне жататын елдің бар байлығын ат төбеліндей «атқамінерлер мен дөкейлер», олардың туыс-жекжаттары, тамыр-таныстары, жора-жолдастары әкесінен қалған дүниедей бөлісіп, мәз-мәйрам болып тұрған жағдай. Бұған қосымша заводтар мен басқа да өндіріс орындары, жер асты, су асты, айта берсек, аспанымызды да сатып бітірдік. Ал, сонда одан түскен түсім қайда, кімнің қалтасына түсті деген заңды сұрақ туып тұр. Егер, зейнеткерлердің зейнетақысын, қызметкерлердің жұмыс ақысын төлеуге үкіметтің қауқары жетпей тұрса, қалай сезіктенбеске? Ау, қыруар байлықты сатқанда қырық тесіктің біреуіне де тығын болмады дегенге қалай сенерсің! Мұндай сұрақты басшыларымыз ұнатпайды, қанша қайтала, жұмған аузын ашпақ емес. Жоқ, не десең о де, бұл нарықтық экономика емес, капитализм мұндай болмайды, мұны «құлдық» заман десек шындықтан алыс кетпеспіз.
Капитализмнің ең басты принципі – жекеменшік салтанаты. Дәл осы мәселеге келгенде халық бұқарасына сымбылдың сирағы да бұйырмады.
Жекешелендіру дегеніміз, жеке жымқыру болып шықты, ауыл тұрғындары (олардың басым көпшілігі өзіміз) көзбояушылықтың құрбаны болып қала берді. Менің айтпағым: Жалпыға бірдей мүмкіндік бер. Қазақ күн көру үшін даладан шұбырып қалаға келді. Үкімет тарабынан көмексіз не бітірмек? Бар білгені көтерме базардан зат алып, сату. Бірақ, бұл да оңайға түсіп тұрған жоқ. Милиция қағып кетеді бір, рэкет тонайды екі, аудандық әкімнің аларман-шабармандары қорқаудай тиеді үш. Қысқасы, қайда барса да, алдынан шығатыны -- «Қорқыттың көрі». Мұның салдары белгілі: маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, сот, абақты. Жоқ, бұл «құрт-құмырсқа», «қоңыз» күнкөріс өркениеттікке емес, «Ақтабан шұбырындының» жаңа вариантына төте жол.
Мен қазақтың еңіреп өткен ерлері Сырымды, Исатай мен Махамбетті пір тұтам. «Үйде тұрып түзде өлген жігітте арман бар ма екен» дейтін ұл қазақта бар деп сенем, сондай азамат қана оған бас бола алады. Менің міндетім - сондай ұлды қайрау, ерлікке, ізгілікке итермелеу, қазаққа қамқорлыққа жетелеу.
Құдай кепіл, мен антисемит емеспін, мені антисемит етіп жүргендер сужүрек, өзгеге жағымпаз өзіміздің қандастарымыз.
Қазақ өлмес жолға түспейінше тақырыбым өзгермейді. Рас, жекебатырлық оңайға түсіп тұрған жоқ. Қазақ ұйқыда, саяси жезөкшелікке түсіп кеткендер де аз емес. Көмек жоқ, тіпті қолын да корқа-қорқа береді. Газетімді басқа мемлекетке барып бастыратыным да осыдан. Өзара айтсақ, бізге намыс жетпей тұр, қанымыз сұйылып, ағарып барады.
Бас редакторлыққа орыс қауымы шақырды. Ташкенттіктер де жылы ишарат білдірді. Қазақтан мүлдем күдер үзсем, шетелге кетуім мүмкін. Сырым батыр да Хиуаға кетуге мәжбүр болды емес пе? Оның үстіне абсолютті тәуелсіз газет болуы мүмкін емес, оның пайдасынан зияны көбірек болар.
Ұлтаралық татулыққа не жетсін, бірақ, қазақтың тіліне, дініне, ел болуына қарсы халықпен ауыз жаласа алмаймын. Бұл елге шапқан жаумен бірдей емес пе, онымен калай айналыспақпын?
Ішкі саясат туралы біраз сөз айтылды ғой, сыртқы саясатқа келсек, ол да қилы-қилы кезеңнен өтті-ау. Алғашқыда Ресейге жалтақтаушылық, тіпті табынушылық та болмады емес.
Қазақ тілінің тағдырына келетін болсақ, оның бірден-бір амалы санамыздың өсуіне тірелер. Егер, қазақ сан жағынан басым болса, ешқандай айтыс-тартыссыз-ақ тіліміз жеңіске жетпек. Бірақ, мұны ойлап тұрған жан бар ма, керісінше, Қазақстанды «тоғыз рудың» торабы болдырғысы келетіндей. Бұған әлсіз көші-қон, азаматтық заңдары айғақ.
Орыс тілді газеттердің мықты демеушілері бар – мемлекет немесе бай орыстар. Ол газеттердің 15-25-30 қызметкерлері бар, дүрілдейтіні осыдан. Мен болсам бастан-аяқ бір өзім, жазушы да, компьютерде теруші де, верстка жасаушы да, суретші де, фотограф та, шофер-механик те, керек десеңіз, газет бумаларын тасушы әрі таратушы да өзім. Ал, ақшаны қайдан тауып жүргенімді білесіз бе? Егер, әлемде менен басқа 66 жастағы және бір адам менің халімде халқы үшін азапқа батып, газет шығарып тұрғанын дәлелдесе, мен сол сәтте тоқтаймын. Қазақ халқын аңқаулықты қоюға, саяси деңгейін көтеруге, ақ пен қараны ажырата білуге, ұлтжанды болуға, халқы үшін тозаққа да кетуге дайын болуға, алаштың туы мен іслам дінінің төңірегінде бірігуге шақырамын.
Алдан АЙЫМБЕТОВ,
профессор, журналист