29 сәу, 2019 сағат 11:50

Алдағы үш тәуліктің ауа райы белгілі болды - Қазгидромет

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазгидромет» РМК Гидрометорталығының директоры Марина Шмидт 30 сәуір - 2 мамыр аралығында қандай ауа райы күтілетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мереке қарсаңында, 30 сәуірде, Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады, жауын-шашын, солтүстік аймақтарда арты қарға ұласатын жаңбыр және бұршақ жауады, екпінді жел соғады, қысқа мерзімге жылығанымен күн қайта суытады:

батыста түнде -2+5°С, күндіз +7+15°С;

солтүстік-батыс жартысында түнде -5,+5°С, күндіз +15+20°С-тан +2+10°С дейін төмендейді;

қалған аймақтарда найзағай жарқылдап жаңбыр жауады, бірақ жылы ауа райы +15+25°С сақталады.

Батыс өңірлерде 1 мамыр мерекесінде ауа райы жауын-шашынсыз болады, күндіз ауа температурасы +10+20°С дейін жылиды.

Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінің тұрғындары үшін ауа райы қолайсыз болады, жауын-шашын (жаңбыр, қар) сақталады.

Еліміздің шығысында екпінді жел соғып, нөсер жауады, түнде және таңертең көктайғақ пен тұман күтіледі. Түнде ауа температурасы -2-7°С, күндіз +3+11°С болады.

Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жаңбыр жауып, кей жерлерде күн күркіреп, бұршақ жауып, жел күшейеді. Ауа температурасы түнде +2+10°С шамасында, жер бетінде 3 градусқа дейін үсік болады, күндіз +12+20°С.

2 мамырдан бастап еліміздің батыс жартысында жауын-шашынсыз ауа райы, шығыс жартысында әлі де кей жерлерде жауын-шашын, оңтүстікте найзағай және екпінді желмен жаңбыр сақталады. Еліміздің батысы мен оңтүстігінде ауа температурасы күндіз +15+25°С, солтүстігінде, орталығы мен шығысында +5+15°С болады.