Синоптиктер 30 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында ауа райы қандай болатынын болжады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қара теңіз аймағынан шыққан ауқымды антициклон Қазақстанның басым бөлігіне әсер етеді. Осыған байланысты еліміздің солтүстік батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа райы жауын-шашынсыз, сондай-ақ 35 градусқа дейін аяз болады ", - делінген Қазгидромет болжамында.
Ертең, 30 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысында қар жауады, түнде солтүстік-шығыста боран соғады.
31 желтоқсанда еліміздің батысында, 1 қаңтарда оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында жауын-шашын (қар, жаңбыр) болады.
Республика аумағында тұман түсіп, жел 15-20 м/с дейін күшейеді, республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысында желдің екпіні 23-28 м/с дейін, Алматы облысының Алакөл ауданында 30 м/с дейін жетеді.