04 қыр, 2019 сағат 15:33

Алдағы үш күн жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді

Синоптиктер 5-7 қыркүйек аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Циклон мен атмосфералық фронттар әлі де Қазақстанның ауа райына ықпалын тигізе береді. Соның әсерінен жаңбыр жауып, күшті жел тұрады. Оңтүстікте найзағай жарқылдайды.

Солтүстік, орталық және шығыс облыстарда нөсер жаңбыр жауады. Сондай-ақ күздің негізгі сипаты ретінде тұман түсуі мүмкін. Соған байланысты түнгі және таңғы уақыттарда көру қашықтығы 200-500 м дейін нашарлайды. 

Республиканың батыс аймақтарына антициклон ығысып, жаңбыр басылады. 

Ауа температурасы Қазақстанның бүкіл аймағында климаттық нормадан 3…6°С төмен болады.