25 қар, 2022 сағат 12:00

Алдағы күндері ауа райы қандай болады?


Қазгидромет 26-28 қарашаға арналған ауа райы болжамын ұсынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Метеорологтар мәліметінше, демалыс күндері Қазақстан аумағының басым бөлігіне суық арктикалық ауасын ілестірген солтүстік антициклон әсер етеді, соған байланысты республиканың солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығы мен шығысында ауа температурасы төмендейді және жауын-шашын тоқтайды деп күтіледі.

Атмосфералық фронттарға байланысты 26 қарашада шығыста, 26-28 қарашада республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында тұрақсыз ауа райы күтіледі, қар түріндегі жауын-шашын болады, 26 қарашада шығыста, 26-27 қарашада оңтүстік-шығыста – қалың қар жауады.

"Республиканың шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында тұман күтіледі, жел секундына 15-28 метр күшейеді, шығыста бұрқасын, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста көктайғақ болады. Түнде ауа температурасы төмендейді: батыста 5-15 градус аяз, 26-27 қарашада солтүстік-батыста 20-30 градус аязға дейін, солтүстікте 23-36 градус аязға дейін, орталықта 17-34 градус аязға дейін, 27-28 қарашада шығыста 27-38 градус аязға дейін, 27-28 қарашада оңтүстікте, оңтүстік-шығыста 5-15 градусқа дейін, таулы жерлерде 15-20 градус аязға дейін", - делінген хабарламада.