Қазгидромет 6-9 қазан аралығына арналған ауа райы болжамын ұсынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Синоптиктердің мәліметінше, аптаның екінші жартысында Қазақстанның басым бөлігі кең ауқымды антициклонның ықпалында болып, солтүстік, орталық облыстарда жылы ауа райы сақталады.
Скандинавия түбегінен батыстан шығысқа ауысатын циклонның әсерінен аптаның соңына қарай еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында найзағай ойнап, жаңбыр жауады, солтүстікте түнде жаңбыр соңы қарға айналуы мүмкін. Күндіз батыс облыстарда бұршақ жаууы мүмкін. Республиканың оңтүстігінде фронтальды бөліктердің өтуімен күн күркіреп, таулы аймақтарда жаңбыр жауып, қарға ұласады. Республиканың барлық аумағында түнде тұман күтіледі.