03 мау, 2021 сағат 18:08

Алдағы 5 жылда Қазақстанның орман-тоғайлы аймағы 5 пайызды құрайды


Алдағы 5 жылда Қазақстанның орман-тоғайлы аймағы 5 пайызға жетеді. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «ECOJER» халықаралық конгресі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаһандық температураның көтерілуімен күресте батыл әрекет жасайтын уақыт жетті. Өткен жылы біз ұлттық заңнамамызды қайта қарап шықтық және жаңа Экологиялық кодекс қабылдадық. Бұл шешімдер әзірлеуде климаттың өзгеруіне бейімделу процесін жақсырақ ықпалдастыру үшін жасалды», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, бұл жергілікті деңгейде, сонымен қатар климаттың өзгеруіне барынша бейім секторларда тұрақтылықты арттырудың тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берді. 

«Бұған қоса Президенттің тапсырмасы аясында алдағы 5 жылдың ішінде парникті газдардың сіңірілуін арттыру үшін 2 млрд ағаш отырғызатын боламыз. Аталған іс-шаралардың нәтижесі республика аумағында орман-тоғайлы аймақты 5 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай табиғатқа бағдарланған шешім климаттың өзгеруі салдарынан қуаңшылық проблемасын тежеуге мүмкіндік береді деп есептейміз», - деді Мағзұм Мырзағалиев.