08 мау, 2017 сағат 09:34

"Алаштың" қырғыз еліндегі жақтаушысы



Биыл - Алаштың ту көтергеніне 100 жыл. Қазақ халқы үшін жан пида деп жүрген арыстарының аттары бәрімізге мәлім. Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан, серіктері – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлы, Жақып Ақпайұлы және басқалар – тарихымыздың да, жүрегіміздің де төрін алған. Сонымен қатар, Алаш идеясы кезінде Алатаудың ар жағындағы қырғыз ағайынның арасында да кең жайылып қалыптасқан. Алаш-Орданың қырғыздағы жақтаушыларының бірі – Ишанғали Арабаев еді.

1933 жыл. Маусым айының 7-сі. Ташкент қаласының абақтысында қырғыз тілтанушысы, түріктанушысы, мемлекеттік және қоғам қайраткері, өз елінің аяулы перзенті Ишанғали Арабаев дүние салды. Орта Азия халықтарын және бүкіл түркі тілдес елдерін бірдей көрген қайраткер қазақтың зиялы азаматтарының абзал досы, пікірлесі еді, қазақ-қырғыз ынтымақтастығына зор үлесін қосқан тұлға еді.

Ишанғали Арабаев 1882 жылы Қошқар ауданында дүниеге келіп, өз ауылындағы молдасынан хат танып, кейін Қаракөлдегі ескіше оқытатын татар мектебінде және усули жадид немесе төте оқу жолымен (жаңа оқу тәсілімен) оқытатын өзбек мектебінде білім алған. Сөйтіп, Орынбордағы Хусаиния, Үпі қаласындағы Ғалия медреселерінде оқыған. Ол кезде Хусаиния, Ғалия, Ғұсмания медреселерде көп қазақ, татар, башқұрт жастары оқыған. Қырымның азаматы Ысмайыл Гаспринский бастаған мұсылман түркі тілдес халықтарының біріктіру мақсатында қалыптасқан жәдидшілік қозғалысы сол медреселерде оқыған шәкірттеріне қатты әсер еткен. Жәдидтердің ұраны «тілде, істе, пікірде бірлік» еді. Қозғалыстың негізгі идеясы мұсылмандардың рухани жаңғыруы, ұлттық және діни дәстүрлі мен батыс заманауи құндылықтарын біріктіруі еді. Өз халқының мүддесін ойлаған дәулетті азаматтар, көкірегі ояу байлар мектеп ашып, баспаханалар құрып, білім және мәдениетке өз қаражатын бөлген. Білімге құмар, ынтық жастар медресені бітіріп, елге барып ағартушылық жұмыс жүргізді, халықтың көзін ашып, үгіт-насихат жүргізген, кейінгі ұрпаққа үлгі болып балалардың сауатын ашқан, мұғалім болып істеген.

Ишанғали Арабаев мен қазақ ағартушысы Хафиз Сәрсекеев қазақ және қырғыз балалары үшін әліппе құрастырды. Кейін Арабаев қырғыз ақыны Молда Қылыштың «Зілзала» деген шығармасын Қазанда кітап қылып басып шығарды. «Айқап»журналының және «Қазақ» газетінің тілшісі болып, Арабаев Алаштың зиялы азаматтарымен танысып дос болып кеткен. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовпен берік еді. Қырғыз елінде мұғалім болып жүрген кезде, қазақ пен қырғыздың басына ортақ қайғы түсті.

Бұл қасірет - 1916 жылындағы қанды оқиғалар еді. Көтеріліс барысында талай адам атылды, асылды, Қытайға қашуға мәжбүр болды. Арабаев та  үркіншілік кезінде елімен бірге Қытайға кетіп, бір жылдан кейін оралды.

Босқындардың ауыр жағдайын көріп, қазақ бауырларына «Бейшара қырғыз бауырларыңды ұмытпаңдар» деп, «Қазақ» газеті арқылы үндеу жасайды.

Қырғыз туғандарға жанашырлық көрсеткен Міржақып Дулатов еді. 1911 жылы Дулатов «Оян, қазақ» деген кітапті шығарған. Сотталған кезде, кітабінің 1000 данасын Жұмағали Тілеулин деген досына тапсырып қойды. Қызылжарда фельдшер болып істеген Тілеулин сол кітаптарды тығып койған екен. Ақпан төңкерісімен бірге бостандық таң атқанда, Міржақып Дулатов досына кітаптарын сатып, түскен қаражатты босқындарға жіберу тапсырады.

Ал 1917 жылының жазында «Алаш» партиясы түзілгенде, Ишанғали Арабаев оның жақтаушыларының бірі болады. Әбдікерім Сыдықов пен Қасым Тыныстановпен бірге Бішкекте«Алаш» партиясының бөлімшесін ұйымдастырады. Қазақ-қырғыз ынтымақтастығы үшін терін төгеді.

Совет үкіметі орнатылған соң, Ишанғали Арабаев Қосшы одағы төрағасының орынбасары болып істейді, сонда Ораз Жандосовпен тығыз байланыста болады. Кейін Ташкентке кетіп, институтта сабақ береді. «Қырғыз әліппесі» деген оқулықты шығарады. Арап әрпінің негізінде қырғыз әліппесінің құрастырушысы Қасым Тыныстанов болып табылады. Арабаев та, Тыныстанов та әліппені құрған, оқулықты жазған кезінде Ахмет Байтұрсыновпен байланыста болып, ақылдасады. Арабаев Байтұрсыновты қолдап, латын әрпіне өтпей арап әрпінің негізінде құрастырылған төте жазуын қолдануы жөн деп ойлаған еді. Арабаевты Ташкентке шақырған Халел Досмұхамедов еді, екеуі жақын дос еді. Ал Нәзір Төреқұловпен әліппе жән тіл мәселелерінде пікірлері екі басқа. Тіпті, таласып, айтысып «Ақ жол» газетіндегі мақалалары арқылы бір-біріне сын тағып жүретін еді.

Ташкентте жүріп, Арабаев Қырғыз автоном республикасын ұйымдастыру үшін жан таласқан. Қырғыздардың «Эркин тоо» газетінің ашылуына да үлес қосқан Арабаев еді. Орынборда өткен Қазақ-қырғыз білімпаздарының құрылтайының ұйымдастыруына қатысып, кейін Бакуда өткен Түріктану құрылтайына барған.

1933 жылы мамыр айының 10-ында Арабаевты халық жауы тұтқындады. Оған Социал-Тұран партиясының белсенді мүшесі деген жала тағылды.  Бір ай өтпей, Арабаев түрмеде көз жұмды. Өмірі де, тағдыры да Алаштың арыстарымен ортақ болды.

Асқар Дайырбеков

Ұлт порталы