01 нау, 2017 сағат 10:23

Алаш республикасы: 100 жылдан кейін

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, «Алаш ұлттық-территориялық автономиясы» деген атауымен белгілі Ұлттық-демократиялық республикасының 100 жылдығына арналған мақалалардың тізбегін ұсынады.

Ғылыми-зерттеу институының директоры Сұлтан Хан Аққұлы Алаш Республикасының 1 ғасырлық мерейтойы ең жоғарғы ұлттық деңгейде тойлануға лайық шынайы тарихи құбылыс деп есептейді. Оның пікірінше, Алаш Республикасы 1920 жылдың тамызында құрылған қазіргі Қазақ елінің тарихи, саяси және идеологиялық негізі, іргетасы болды.​

«Алаш» дегеніміз не?

Қазіргі ғылыми әдебиетте және публицистикада қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысын, қозғалыстың жетекшілері мен қайраткерлерін, яғни ұлт зиялыларының батысшыл бөлігін қысқаша «Алаш» қозғалысы», «Алаш зиялылары» не «қайраткерлері» деп атайды. Тоқетерін айтқанда, ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы мен оның қайраткерлерін шартты түрде "Алаш" деп атайды. Олай атауға, біріншіден, ұлт-азаттық қозғалысының рухани әрі саяси жетекшісі Әлихан Бөкейханның бастамасымен және І Жалпықазақ құрылтайының қаулысымен құрылған қазақтың тұңғыш либералдық-демократиялық «Алаш» партиясы себеп болса, екіншіден – Ұлттық-демократиялық парламенттік республикасы және оның ресми астанасы болған қала да (1917 жылдың мамырына дейін Заречная Слободка деп аталған, қазіргі Семей қаласы) – ресми түрде «Алаш» деп аталды.

Алаш Орда – ресми жариялануы бойынша Ұлттық-территориялық автономия, ал іс жүзіндегі Алаш ұлттық-демократиялық парламенттік республикасының жоғарғы саяси және атқарушы мемлекеттік билігі – Халық Кеңесінің (үкіметінің) ресми атауы.

Алаш Орда Халық Кеңесі 25 мүшеден (комиссарынан) жасақталды, оның құрамынан 10 орын қазақтың Дала және Түркістан өлкелеріне көшіп келіп қоныстанған өзге халықтар мен ұлттардың өкілдеріне арналды. Өзге халықтар өкілдерінен Алаш Ордаға комиссар болғандардың ішінде Григорий Потанин мен Вадим Чайкинді атауға болады.

Алаш Орданың қазақтан сайланған 15 комиссарының сегізі жоғары білімді заңгер болса, біреуінің құқық магистрі (Жақып Ақбайұлы) деген ғылыми дәрежесі, төртеуі – 1906-1907 жылдары Ресей Мемлекеттік думасының І және ІІ шақырылымдарына депутат болып сайланды. Алаш Орданың 4 мүшесі (Әлихан Бөкейхан, Бақыткерей Құлманұлы, Мұстафа Шоқай және Ахмет Бірімжан) 1917 жылдың наурыз-желтоқсаны аралығында Бүкілресейлік Уақытша үкіметтің облыстан оязға дейінгі комиссарлары қызметін атқарды, екеуі (Ә. Бөкейхан, М. Тынышбайұлы) Уақытша үкіметтің Түркістанды басқару жөніндегі Төтенше комитетінің (Түркістан комитеті) мүшесі болып тағайындалды.

Ахмет Бірімжан (Бірімжанов), Айдархан Тұрлыбайұлы (Тұрлыбаев) сияқты, патшалық Ресейдің сот жүйесінде қызмет істеген үлкен тәжірибесі болды, Мемлекеттік Думаның 1906-1907 жылдарғы екі шақырылымына қатар депутат болып сайланды, Уақытша үкіметтің Қостанай ояздық комиссары болды.

С.-Петербор университеті заң факультетінің тағы бір түлегі Райымжан Мәрсекұлы (Мәрсеков) 1902-1917 жылдары адвокат тәжірибесімен айналысты, 1913-1917 жылдары «Қазақ» газеті бетінде ағартушылық, публицистік дарынымен танылды.

Тағы бір заңгер Жанша Досмұхамедұлы (Жиһанша, Жаһанша Досмұхамедов) – аз уақыт ішінде патшалық Ресей прокуратурасында жауапты лауазымға көтерілді (Томскі гүбернесі прокурорының орынбасары).

Алаш Орда комиссарлары қаратында сондай-ақ экономист, шығыстанушы, темір жол инженері, әскери дәрігер, агроном, ормантанушы-ғалым, математик және т.б. жоғары білімді әрі тәжірибелі мамандар бар-ды. Отыншы Әлжанұлының ғана орта арнайы білімі (Омбының мұғалімдер семинариясы) болса да, педагогикалық және публицистік бай тәжірибе жинап үлгерді.

Оның есесіне Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейхан екі жоғары білімі, ормантанушы-ғалым және заңгер деген 2 дипломның иесі болатын.

1917 жылдың қарашасында Алаш Орданың болашақ 15 мүшесі түгел Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына өкіл (делегат) болып сайланды.

«Алаш Орда» атауының Алтын Орда империясымен үндес болуы кездейсоқтық емес.

«Алаш Орда» атауының Шыңғыс хан құрған Алтын Орда империясымен үндес болуы кездейсоқтық емес. Алаш республикасының жоғарғы атқарушы билігінің атауына оның құрылтайшылары өздерінің түпкілікті мақсатын, «Алаш мемлекеті» не «империясы» деген ұғым, мазмұн берді: «Алаш» - біріккен түркі халықтарының ортақ атауы, «Орда» - «Мемлекет» (не «Империя»).

«Алаш» деген терминнің өзіне тоқталсақ, ол туралы мынаны айту керек. Ұлт-азаттық қозғалысының идеялық негізін қалаушы әрі саяси жетекшісі Әлизхан Бөкейхан 1910 жылы жарияланған «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркінде «мифтік тұлғаның Алаш есімі қазақтардың жауға шапқандағы соғыс ұраны болды деп жазды. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы алғашқы сандарында (1913, № 7) жарияланған «Қазақтың тарихы» атты тізбекті мақаласында оған кеңірек сипаттама берді: «Шыңғыс хан бүкіл мемлекетін төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің Күнбатыс жағын, осы күнгі Сараарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың һәр қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран береді: һәр руға өзіне бөлек таңба, ағаш, қос береді. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «отан кісі» («отечественник». Т.Б.) деген сөз болады... Сол күнде Жошы ханға «Алаш» деп лақап қойылды. «Алашы – алаштың басшысы» («голова отечества». Т.Б.) мағынасында болады».

1905-1917 жылдары «Алаш» есімі қазақтың ұлттық қайта өрлеу идеясы, ұлттық жаңа мәдениет пен жаңа ұлтты қалыптастырудың бағдарламасы, ұлттық мемлекетті қайта қалпына келтіру жолындағы күрестің ұраны және туы болды.

«Алаштың» идеялық күшін аңғартқан бір ғана тарихи мысал келтірсе жеткілікті. 1917 жылдың қараша айындағы Бүкілресейлік құрылтай жиналысы өкілдерін сайлауда «Алаш» партиясы Қазақ өлкесінде дауысқа түскен барлық партияны, оның ішінде «Үш жүз» және Ресей социал-демократиялық жұмысшы (большевиктер мен меньшевиктер) партияларын ойсырата жеңіп, қазаққа бөлінген барлық 43 депуаттық мандатты жеңіп алды. Жалпы «Алаш» партиясы «Қазан бүлігі» қарсаңында Ресейде болған 50-ге жуық партияның ішінен алған дауыстарымен 8 орында тұрды.

Сондай-ақ 1917 жылдың қарашасындағы бұл сайлау қазақ халқының ұлт болып қалыптасқанын анық аңғартты.

«Алаш» зиялыларының пікірінше, Батыс Еуропадан экономика мен мәдениеті жағынан артта қалса да, қуатты орыс империясына тойтарыс беру, қарулы көтеріліс арқылы тәуелсіздік алу мүмкін емес. Оған қоса Кенесары хан бастаған көтерілістің қайғылы жеңілісі көрсетіп бергендей, Алаш қайраткерлері қарулы көтерілісті қалың бұқара қолдай қоймайды деп білді.

Олардың кәміл сенімінше, қарулы көтеріліс емес, қазіргі заманғы саяси күрес жолы ұзақ болса да, ең дұрыс әдім-амал. Міне осы оймен Әлихан Бөкейхан бастаған батысшыл «Алаш» зиялылары, мысалға, отаршыл империяның Конституциялық-демократия партиясы (КДП) сынды ең ілгерішіл күштерімен бірікті. КДП-ның жарғылық мақсат-міндеттері қазақ халқының мұң-мүддесімен 1917 жылдың жазына дейін ұштасып келді.

Қазақ халқын ұлттық өзін өзін басқару құқына, ақыр аяғында ұлттық тәуелсіздікке жеткізе алатын анық жол, - деп түсінді «Алаш» қайраткерлері, - ол отаршыл империяның өзін түпкілікті реформалау, яғни Ресейді патшалықтан (самодержавиеден) федеративтік парламенттік демократиялық республикаға айналдыру болып табылады.

Бірқатар үзеңгілесімен бірге 1905-1917 жылдары КДП-ның мүшесі (1912 жылдан Орталық комитетінің мүшесі) болып, ресейлік құпия масон ұйымының қатарына кірген (1908-1917 жж.) Әлихан Бөкейхан отаршыл империяның барлық ілгерішіл тобын біріктіріп, олардың күшін патшалық билікті құлатуға жұмылдыруға атсалысты.

Самодержавиені құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісіненің ізінше Әлихан мен оның үзеңгілестері КДП мен масон ұйымы қатарынан шығып, қазақтың тұңғыш «Алаш» ұлттық либералдық-демократиялық партиясын құрды.

Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, төре Әлихан Бөкейхан мен ізбасарлары мемлекеттік биліктің хандық институты билейтін мемлекеттің заманы өткен, келешегі жоқ деп есептеді. Сол себепті олар мынадай стратегиялық мақсат-міндеттерді шешуге ұмтылды. Мақсат-міндеттердің бір бөлігі 1905 жылғы «Қарқаралы құзырхатында» («петициясында») ойып көрсетілген-ді.

Құзырхаттың 4-бабында «қазақтың қоныстанып отырған жерін оның меншігі» деп мойындатуға ұмтылу керектігі айтылды. Себебі, деп санады «Алаш» қайраткерлері, жерсіз мемлекет болмайды.

«Қарқаралы құзырхатының» екінші бабында оның авторлары қазақ баласы оқитын барлық бастауыш мектепте ана тілі мен жазуын енгізуді, жергілікті билік пен соттың ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізуді талап етті.

Петицияның үшінші бабына сәйкес, «қазақ халқының қазіргі кездегі мұң-мүддесін анықтау үшін қазақ тілінде газет басып шығару, ол үшін газет шығару пен баспахана ашуға рұқсат беру тәртібін жойып, газет басылатыны туралы хабарлау тәртібін орнату қажет».

«Алаш» қозғалысының түпкілікті мақсатының бірі – қазақтың Дала және Түркістан өлкелеріне сол кезде «земство», яғни жергілікті өзін өзі басқару жүйесін енгізу болды. Жергілікті басқару жүйесі салық пен «қазақ капиталы» деген қаражатты мектеп (бастауыш, орта және жоғарғы), аурухана, жол, көпір және т.б. маңызды әлеуметтік-мәдени нысандар салуға, яғни жергілікті инфрақұрылымды дамытуға жұмсауға мүмкіндік алады.

«Алаш» қайраткерлері земствоны жергілікті басқару билігі үшін ғана емес, келешек ұлттық мемлекетке қажетті ел басқарушы мамандарды тәрбиелейтін мектеп ретінде қарастырды.

«Алаш» көсемдері Дала және Түркістан өлкелеріне «земство» енгізу арқылы қазіргі қазақ мемлекетін оның берік іргетасы болып табылатын жергілікті басқару жүйесі мен жергілікті инфрақұрылымды қалыптастырып дамыту арқылы заманауи мемлекет тұрғызуды көздеді.

Қазақты әскери қызметтен босатқан 1834 жылғы заңды жойып, қазаққа қызмет етуді міндеттеу - «Алаш» қозғалысының көреген стратегиясының тағы бірі болатын.

«Алаш» зиялылары заң жүзінде қазақтан дербес ұлттық әскери басқармасы бар атты әскер жасақтау мақсатына сонау отаршыл патшалық дәуірде-ақ ұмтылды. Ұлттық атты әскер құру үшін олар, мысалға, башқұрттардың, сондай-ақ казактардың атты әскерінің тәжірибесі мен көмегін пайдалануға жоқ емес еді. Оның үстіне Алаш қайраткерлері Дала және Түркістан өлкелеріндегі Ресейдің отарлау саясатының тірегі әрі шоқпары болған казактармен одақтасуды да ойластарды.

Қазақтың ең алғашқы атты әскер бөлімдерін (Алаш армиясының полктерін) Алаш республикасы құрылғаннан кейін ғана, Алаш Орда Халық кеңесі міндетіне кіріскен 1918 жылдың жазында ғана жасақтап, 1918-1920 жылдары казак әскерлерімен бірлесіп Қызыл армияға қарсы кескілескен шайқас жүргізді.

Ерекше назар аударатын маңызды мәселе: «Алаш» зиялылары қарулы күрестен бас тартып, қазақтың қазіргі тілін, әдебиетін жалпы мәдениетін қалыптастырып, мәдени қайта өрлеу идеясын ұсыну арқылы халқынан қазіргі қазақ ұлтын тәрбиелеп өсірді. 1917 жылға қарай бүкіл қазақ жұрты өзін бір ата Алаштың ұрпағымын деп сезінді.

Тарихқа үңілсек, қазақтың қазіргі заманғы тұңғыш прозалық, поэзиялық, драматургиялық шығармалары - романдар (М. Дулаттың «Бақытсыз Жамал», С. Торайғырұлының «Қамар сұлу», С. Көбейұлының «Қалың мал» және т.т.), әңгімелер, поэмалар, пьесалар, өлең жинақтары, мысалдар, ауыз әдебиетінің үздік үлгілері және т.б., алғашқы мерзімді басылымдар - газеттер («Серке», «Қазақ газеті», «Қазақстан», «Қазақ», Сарыарқа»), журналдар («Айқап», «Абай»), сондай-ақ ұлттық зайырлы мектепке арналған оқулықтар, оқу құралдары, хрестоматиялар, көркем әдебиет 1917 жылғы дейін пайда болды. Оның ішінде ұлы ақын Абай өлеңдері мен аудармаларының, М. Дулаттың «Оян, қазақ!», А. Байтұрсынұлының «40 мысал», «Маса» жинақтары және т.б. болатын.

Демек, қазақтың қазіргі мәдениеті 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін қалыптасып үлгерді. Кейінірек, кеңес дәуіріндегі 1960-80 жылдарда Батыстың қазақ тарихын зерттеуші орталықтары «Алаш» қайраткерлерінің ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасыр басындағы іс-әрекетіне «мәдени ренессанс жасады» деген баға берді.

Шынында да «Алаш»» қозғалысының жетекшілері халқына жаңа бағыт-бағдар, жаңа ұлттық құндылық, үлгі-өнеге, жаңа ХХ ғасырдың талаптарына сай жаңа мақсат пен міндет қойып, қалың бұқарының ұлттық сана-сезімін, ар-намысын оята алды. Нәтижесінде 1917 жылдың 5-13 (қазіргі күнтізбе бойынша 18-26) желтоқсанында Орынборда болып өткен ІІІ Жалпықазақ құрылтайы (іс жүзінде; І және ІІ Жалпықазақ сиездері тағы да сол Орынборда 1917 жылдың 2-7 сәуір және 21-26 шілдесінде болып өтті. – С.А.) Алаш ұлттық-территориялық автономиясын құрып, оның жоғарғы мемлекеттік атқарушы билігін – Алаш Орда Халық Кеңесін (үкіметін) жасақтады.

1917 жылдың 13 (26) желтоқсаны – қазақ халқының жаңа тарихи кезеңінің бастауы, тарихи бетбұрыс күні болып табылады. Бұл күн қазақтың ұлттық мемлекеттігінің қайта жаңғырған, жаңа үлгідегі Қазақ мемлекетінің құрылған күні болатын.

ІІІ Жалпықазақ құрылтайы шынайы демократиялық негізде – 4 балама үміткердің дауысқа түсуімен – Алаш Орда төрағасын (президентін) сайлады. Нәтижесінде басқа 3 үміткерден әлдеқайда басым дауыс алған бүкіл Алты Алаштың көсемі болып танылған Әлихан Бөкейхан Алаш Орда төрағасы (президенті) болып сайланды.

Алаш Республикасының құрылуынан 7 жыл бұрын, 1910 жылы С.-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркінде Әлихан Бөкейхан қазақтың ежелгі және қазақтар басым тұратын көне жері ретінде 9 облыс, 1 гүберне (Астрахан. – С.А.) және Алтай өңірінің бірнеше болысын тізіп жазды. Алаш ұлттық-демократиялық республикасы құрылған 1917 жылдың желтоқсанында осы 9 облыс 1 гүберне және Алтайдың бірнеше болысын «Алаш территориясы» деп жариялады.

«Пішіні шар сияқты территорияны алып жатқан Алаш автономиясы... 10 миллион халқы бар ірі саяси бірлік болып табылады».

1918-1920 жылдардың барысында өзін өзі «бүкілресейлік үкімет» деп жариялаған құрылымдармен (Сібір автономиясы, Комуч, Уфа директориясы, Колчак үкіметі және Кеңес үкіметі) арадағы келіссөздерінде Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейхан табанды түрде: «Пішіні шар сияқты территорияны алып жатқан Алаш автономиясы... 10 миллион халқы бар ірі саяси бірлік болып табылады», - деп қорғап келді.

Алашордашылар сыртқы пішіні «шар сияқты» Алаш жерінің тұтастығын 1930 жылға дейін ғана сақтап келіп, 1925 жылдан бері қарай оны бөлшектеу басталды (№№ 1-3 фотосуретті қараңыз.). Атап айтқанда, 1925 жылға дейін Кеңестік Қазақстанның астанасы болып келген Орынбор қаласымен бірге дәл солай аталатын облыс сол жылы Ресей (РСФСР) құрамына берілсе, Ташкент қаласы мен оның төңірегіндегі бірқатар аудан – Иосиф Сталиннің менменшіл шешімімен және Түркістан АКСР-ның ақырғы төрағасы Тұрар Рысқұлұлының қолымен Өзбек КСР-не берілді. Дәл сол кезде өзбек үкіметі Самарқанд қаласын астана деп қаулы шығарып үлгерген-ді.

1930 жылға дейін Қазақ (Қырғыз) КСР-ның құрамында болған Қарақалпақ автономиялық облысы алдымен РСФСР-дың құрамына беріліп, 1936 жылы тағы да сол Өзбек КСР-не берілді.

Қазақстан шекарасын осылайша өз білгенінше кескілеп-бөлшектеуіне қарамастан, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасы – Алаш Республикасының басшылары, алашордашылар қорғап қалған жердің денін иеленіп отыр (№ 4 фотосуретті қараңыз.).

№ 1 фотосурет. Профессор Г.Н. Черданцевтің «Жаппардың Қазақстан туралы әңгімесі» атты кітабындағы 1927 жылдағы Қазақстан картасы (Мәскеу, 1927 ж.)

№ 2 фотосурет. 1920-1929 жылдардағы Қазақстан жерінің картасы.

№ 3 фотосурет. Қазақстаннан 1924, 1925 және 1929 жылдары Ресейге (РСФСР ) берілген жерлердің картасы.

1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта Алаш қаласы – Алаш Республикасының саяси-әкімшілік орталығы, астанасы болып, Алаш Орда Халық кеңесі орналасты.

Тарих тұрғысында да, заң жүзінде де бүгінгі Қазақстанның тұңғыш астанасы Алаш қаласы (бұрынғы Заречная Слободка, бүгінгі Семей. – С.А.) болып табылады. Оған тарихи дәлел: ІІІ Жалпықазақ құрылтайының қаулысына сәйкес, 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта Алаш қаласы – Алаш Республикасының саяси-әкімшілік орталығы, астанасы болып, қалада оның жоғарғы саяси және атқарушы мемлекеттік билігі – Алаш Орда Халық кеңесі орналасты.

«Алаш» партиясының жарғысы мен 1910-1911 жылдары Барлыбек Сырттанұлы (Сыртанов) жазып қалдырған Алаш конституциясының жобасына сәйкес, Алаш Республикасы - президент басқаратын және жергілікті өзін өзі басқару жүйесі (земствосы) дамыған парламенттік унитарлық (біртұтас) зайырлы мемлекет болып дүниеге келді. Алаш конституциясын Құрылтай жиналысында (ұлттық мәжілісте) қабылдау көзделді.

Алаш Республикасының және Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің өшпес тарихи рөлі мен миссиясы – Қазақ хандығының 1847 жылы біржола ыдырап, тарих сахнасынан кетуінен 70 жыл өткенде, оның үйіндісі үстінен қазақтың жаңа үлгідегі заманауи ұлттық мемлекетін көтерді. Алаш Республикасы құрылған 1917 жылдың 13 желтоқсанында толық тәуелсіздіктің мызғымас іргетасы қаланды.

«Қазақтар қайсақ және қара-қырғыз болып бөлінеді, бірақ «Алаш» атауы оларды бір ұлтқа біріктіреді.

Алаш Республикасы бір қазақтың емес, қазақ пен қырғыздың біртұтас мемлекеті болып құрылды. Мысалға, Н.Ч. деген автор Орынбор казак әскерінің «Оренбургскій казачій вѣстникъ» газетінде (10.01.1918 г., № 7.) жарияланған «Автономія Казакыстана» атты мақаласында былай деп жазды: «Қазақтар қайсақ және қара-қырғыз болып бөлінеді, бірақ «Алаш» атауы оларды бір ұлтқа біріктіреді (біздің «Қасиетті Русь» сияқты). Бұл сөз сондай-ақ бүкіл қазақты жаудан қорғауға шақыратын қасиетті үндеу болып табылады».

Қазақтың тек өзімен ғана шектелетін тар түсінік ретінде «Қазақстан» атауында, қазақтардың өз көзқарасы бойынша, әрқашанда тар ұлтшылдық пен шовинизмнің бояуы бар».

«Алаш» - «Қазақстан» дегенмен салыстырғанда қазақтардың өзімен қатар, оған туыс қара-қырғызды да қамтитын әлдеқайда кең түсінік, - деп жазды Мұстафа Шоқай Қазақ КСР-ның құрылтай жиналысы өтіп жатқан 1920 жылдың қазан айында грузиндердің «Вольный горец» атты орыс тілді газетіне жарияланған (Тифлис, 11.10.1920 г., № 57.) «Киргизская (Казахская. – С.А.) Советская Республика» атты мақаласында, - Қазақтың тек өзімен ғана шектелетін тар түсінік ретінде «Қазақстан» атауында, қазақтардың өз көзқарасы бойынша, әрқашанда тар ұлтшылдық пен шовинизмнің бояуы бар».

«Осы мәжілісте біз Кеңес өкіметіне қарсы бірлесіп күресу және біріккен Башқұрт-Қазақ мемлекетін құру туралы келістік».

Оған қоса Алаш пен Башқұртстан жетекшілері біріккен Қазақ-Башқұрт мемлекетін құру туралы уағдаласты. Ол туралы Алаш Орданың бұрынғы төрағасы (президенті) Әлихан Бөкейхан ОГПУ-НКВД тергеушісіне 1937 жылдың 6 тамызында берген жауабында былай деп мәлімдеді: «1918 жылдың қыркүйегінде Уфада Алаш Орда мен Валидов бастаған Башкұрт ұкіметінің өкілдері арасында мәжіліс болды... Осы мәжілісте біз Кеңес өкіметіне қарсы бірлесіп күресу және біріккен Башқұрт-Қазақ мемлекетін құру туралы келістік...

Мұндай шешімге келуге төменгідей ой түрткі болды:

Біріншіден, Кеңес өкіметіне қарсы біздің қарулы күштерімізді біріктірудің аса қажеттігі. Күш біріктіруді біз Қызыл армияға қарсы тұра алатын шынайы мүмкіндік деп қарастырдық. Оған қоса біз патшалық Ресей тұсында қазақтардың әскери қызмет атқармағанын жағдайын ескердік, ал башқұрттар қызметті еті. Демек біздің жасақтарымыз башқұрттармен біріксе, олардың соғысу қабылеті арта түспек.

Екіншіден, жеріміздің көрші болуы және Башқұрстанда башқұрттанып кеткен қазақтардың (!) көп тұратыны.

Үшіншіден, Қазақстан мен Башқұрстан экономикаларын ұштастырудың тиімділігі. Башқұрт рудасы, орманы және қазақтың астығы, малы және мұнайы.

Міне осы жайттарды ескере келе біз біріксек, әскери тұрғысынан да, экономика жағынан да қуатты мемлекет құра аламыз деп есептедік» (ЦА ФСБ России: Д. Р-34862. Л. 30-31.).

«Орыстардың бізге пантүркизм деген айдар тағуына түрткі болатын атаулардан аулақ болған дұрыс».

Әлихан Бөкейхан бұл жауабында Кеңес өкіметіне белгілі тарихи фактіні толықтырғанымен, барлық ақиқатты жайып ағынан жарылған жоқ. 1918 жылдың қыркүйегінде Уфада болған «мемлекеттік мәжілістен» тыс өткен бұл басқосу барысында «Оңтүстік-шығыс мұсылман облыстарының федерациясын құру» мәселесін талқылаған тек Алаш пен Башқұрт жетекшілері ғана емес-ті. Мәжіліске Татарстан мен Түркістан мұхтариатының өкілдері де болды. «Болашақ мемлекеттің атауы туралы сөз болғанда, - деп жазды Ахмет Зәки Уәлидов алғаш рет Түркияда Зәки Уәлиди Тоған деген есімімен басылып шыққан естелігінде, - Ақшора (Юсуф немесе Жүсіп. - С.А.) оны «Шығыс түркілердің федерациясы» деп атауға кеңес берді. Әлихан (Бөкейхан. – С.А.) өз тарапынан түзетуін ұсынды: енгізді: - орыстардың бізге пантүркизм деген айдар тағуына түрткі болатын атаулардан аулақ болған дұрыс. Келешекте мұндай атау әбден-ақ лайық болар, ал әзірше «Шығыс Ресейдің мұсылман федерациясы» атауымен шектелу керек».

Ахмет Зәки Уәлидидің бұл сөзін Ресейдің Мемлекеттік мұрағаты қорындағы Алаш Орда құжаттарында сақталған келешек түркі-мұсылман федерациясы картасының қолдан сызылған нобайы толығымен растайды (№ 4 фотосурет).

№ 4 фотосурет.

Демек, тарыдай шашылып, түрлі тарихи құбылыстың салдарынан Ресей империясының отарлығына тап болған түркі халықтарын (қазақ, қырғыз, қарақалпақ, татар, башқұрт және т.б.) біріктіріп, біріккен Түркі мемлекетін, Тұран империясын қайта құру Алаш идеясының, Алаш республикасының көздеген түпкілікті мақсаты болып шығады. Кейін келе бұл мақсатты Мұстафа Шоқай Францияда эмиграцияда жүріп «Ұлы Түркістан» идеясы ретінде насихаттады. «Алаш» қозғалысы мен Алаш Республикасы басшыларының осындай мақсат-мүддегі көздегенін басқа да тарихи жәдігерлер растайды.

Мысалға, кеңес тарихында (мифологиясында) «Қоқанд автономиясы» деп аталып келген, іс жүзінде Түркістан мұхтариаты деп аталған мемлекетті құру туралы бастама мен шешім Қоқандта емес, Бүкілресейлік Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары Әлихан Бөкейханның Орынбордағы кеңсесінде қабылданыпты. Ол туралы жоғарыда аталған З.У. Тоған орыс тіліне аударылып 1994 жылы Уфада басылып шыққан естелігінде жазады. Бұрынғы башқұрт көсемі Әлихан Бөкейханның Орынборындағы кеңсесінде 1917 жылғы қазан айының соңы – қарашаның басындағы осы тікелей мәжіліске қатысыпты. «Азаттық қозғалысы Түркістанда күшеймесе, ол не Қазақстанда, не Башқұрстанда кең етек жаймайды» деген ортақ ұйғарымға келген сол мәжіліске Ахмет Байтұрсынұлы, Жанша Досмұхаметұлы, Міржақып Дулат және т.б. Алаш қайраткерлері де қатысқан.

Естелік авторының мәлімдеуінше, бірнеше күн қызу жалғасқан басқосудың ізінше М. Шоқай, А.З. Уәлидовтың өзі, М. Тынышбайұлы және т.б. қазақ қайраткерлері Ташкентке аттанады, ол қаладан соң атбасын Қоқандқа бұрады да, 1917 жылғы қарашаның соңында IV Төтенше Жалпымұсылман құрылтайында Түркістан мұхтариаты құрылғанды жарияланады...

Құруына мұрындық болған және басшылығына негізінен М. Тынышбайұлы, М. Шоқай, Ә. Ақайұлы сынды көрнекті Алаш қайраткерлері сайланған Түркістан мұхтариаты, өзінің құрылтайшыларының түпкілікті мақсаты бойынша, біріккен Алаш мемлекетінің құрамдас бөлігіне айналыуға тиіс еді. М. Тынышбайұлы мен М. Шоқайдың, бірі Түркістан мұхтариатының премьер-министрі, екіншісі оның сыртқы істер министрі болып тұруына қарамастан, 1917 жылдың желтоқсан айында Алаш Орда Халық кеңесінің мүшесі болып сайлануы соның бірден бір дәлелі болатын. Яғни М. Тынышбайұлы мен М. Шоқай – қатарынан Түркістан мұхтариаты және Алаш Орда үкіметтеріне мүше болып сайланды.

1920 жылдың 26 тамызында Алаш Республикасы, Кеңес өкіметінің сценарийімен, Қазақ (ол кезде Қырғыз. - С.А.) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы болып өзгертілді. 1920 жылдың қыркүйегінде Орынбор қаласы Қазақ-Қырғыз АКСР-дың астанасы болып жарияланды.

Алаш Республикасының тарихи миссиясы. Кеңестік және автономиялық болса да Қазақ республикасының өмір сүруі 1924 жылы Кеңес өкіметін Орта Азияда жасанды болса да басқа ұлттық республикалар құруға мәжбүр етті. Мысалға, бұрынғы Бұқара және Хиуа әмірліктерінен және бұрынғы Түркістан АКСР-ның бір бөлігінен Өзбек КСР, Түркімен және Тәжік АКСР құрылды, Қазақ АКСР-ның құрамындағы қырғыз бен қарақалпақтың дербес автономиялық облыстар пайда болды.

Міне Алаш Республикасының Орта Азиядағы қазіргі ұлттық мемлекеттері алдындағы әлі де мойындалмаған, лайықты бағасын алмаған тарихи, саяси маңызы мен миссиясы осындай болатын.

Басқа ұлттық республикаларды құрған Кеңес өкіметінің көздегені – аталған ұлттарды Қазақ республикасының ықпалынан алып шығу, өзге ұлттарды республика-республикаға бөліп әлсірету, сөйтіп Қазақстанның ықпалын біржола жою болатын.

Кеңес өкіметінің 1925 жылы Орынбор облысын Қазақ АКСР құрамынан бөліп РСФСР-ға қосуының астарында да Татарстан мен Башқұрстанды территориялық жағынан Қазақстаннан ажырату пиғылы жатты (№ 4 фотосуретті қара. – С.А.). Оның ең басты сыры: Кеңес өкіметі Ұлы Түркістанның қайта тірілуінен патшалық Ресейден бетер сескенді.

Сұлтан Хан Аққұлұлы

exclusive.kz