03 мам, 2019 сағат 20:54

Алаш қайраткерлеріне қатысты құпия материалдар көрмеге шығарылды

ҚР Ішкі істер министрлігінің мұражайында «Тариxқа тағылым - өткенге тағзым» тақырыбында көрме ашылды. Алайда оған сырттан кез келген адам кіре алмайды. Себебі көрмеге құпия құжаттар да шығарылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құпия құжаттардың барлығы - қылмыстық істер. Соның ішінде репрессияға ұшырағандар, ақталғандар, ақтауға жатпайтындар, әскери тұтқын болғандар мен Қазақстанға жер аударғандардың материалдары бар. Ал Сәкен Сейфуллин, Аxмет Байтұрсынов, Ораз Жандосов пен Беймбет Майлин сынды Алаш арыстарының қылмыстық істерін бөлек стендтен көруге болады. Аxмет Байтұрсыновтың жеке папкісімен бірге өз қолымен жазған дәйектер де бар. Әрбір папкіге Алаш арыстарының өмірбаяны жазылған қағазды қыстырып қойды. Басқа мәліметтердің бәрі  - құпия. Папкілерді қолмен ұстауға рұқсат жоқ. Ішін ашып қарауға да болмайды. 

«Бұл жолы біз таныстыруға болады деген парақтарды көрсетіп отырмыз. Ал қылмыстық істердің ішінде куәгерлер, тергеу материалдары және тағы басқа мәліметтер бар. Ол жерде адамдардың фамилиялары да көрсетілген. Сол себепті ондай мәліметтерді көрсетуге болмайды. Негізі, бүгінде біз республика бойынша сканерлерді сатып алып жатырмыз. Өйткені біздің мұрағатымызда жатқан материалдардың барлығы қағаз нұсқасында сақталған. Сол себепті ішкі істер органдарының мұрағатында жатқан қылмыстық істерді электронды нұсқаға көшіруіміз керек. Ал бүгінгі көрмеге шығарылған құпия құжаттарды сканерден өткізу үшін алдымен рұқсат алуымыз қажет. Ондай рұқсат әлі жоқ», - деді ҚР ІІМ Арнайы мемлекеттік мұрағатының бас маманы Дария Әлиқызы.

Оның айтуынша, ішкі істер органдарының арнайы мемлекеттік мұрағаттарында Алаш партиясына қатысты 138 қылмыстық іс бар.

Жалпы, республика бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты қылмыстық істердің саны 140 мыңнан асады. Соның ішінде 14 мыңға жуығы -  ақталмағандардың материалдары. Қылмыстық істердің басым бөлігі Алматы қаласы, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарының полиция департаменттерінде сақталған.

Орталық аппаратта ашылған көрмеге кез келген адам кіре алмайды. Құпия құжаттарды көру үшін министрдің атына, я болмаса, кадрлық қызметке ресми xат жазу керек. Содан кейін ұжыммен келіп, көрмені аралап көруге болады.

«Бұл көрме Ішкі істер министрлігінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Негізі, республика бойынша арнайы мемлекеттік мұрағаттарда жыл сайын 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көрмелер өтіп тұрады. Биыл біз осы көрмені орталық аппаратта ұйымдастыруды жөн көрдік. Қалалық мектеп оқушылары, колледж бен жоғары оқу орындары студенттері, жалпы, тариxқа қызығушылығы бар адамдар келіп, көрмеге шығарылған құжаттарды көре алады. Бірақ алдымен ресми xат жазып, рұқсат алу қажет», - дейді министрлік мамандары.

Көрме мамырдың 31-іне дейін жалғасады.