25 қар, 2020 сағат 09:30

Алаш идеясынан артық идея мен ұстаным жоқ - Перуашев

«Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жыл толуына орай «Оян, қазақ!» онлайн конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпараті.

«Бүгін «Алаш» қозғалысының рухани көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жыл толуына байланысты конференция өткізіп отырмыз. 2020 жыл елеулі әрі маңызды шараларға толы болды, биыл Қазақ Республикасының құрылғанына 100 жыл толды», - деп тоқталды «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев. 

Осы орайда ол Міржақып Дулатұлы «Алаш» қозғалысында ерекше рөл ойнағанын еске салып, оның еңбектеріне тоқталды. 

«1909 жылы жарық көрген «Оян, қазақ!» кітабы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының манифесіне айналған құжат болған. «Ақ жол» партиясы Алаш ұстанымдары мен ұлттық идеясына ерекше назар аударып келеді. Жақында ғана партиямыздың құрылтайында қабылдаған саяси бағдарламасында да біз Тәуелсіздік пен «Алаш» ұлттық идеясына, яғни осы екі ұғымға ерекше бап арнадық. Біздің ойымызша, Қазақ елі үшін Алаш идеясынан артық идея мен ұстаным жоқ. Алаш көсемдері, оның ішінде Міржақып Дулатұлы сияқты азаматтардың тарихи рөліне, олардың еңбектеріне арналған зерттеулер, ғылыми-тәжірибелік конференцияларды өткізіп жатырмыз. Бүгінгі конференцияда белгілі алаштанушылар, ғалымдар мен тарихшылар бас қосып отыр» , - деді А. Перуашев.