Үржар мен Үшарал әуежайлары Boeing, Airbus ұшақтарын қабылдайтын болады. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі туризмді дамыту үшін Үржар және Үшарал шағын қалаларында жергілікті атқарушы органдар ұшу-қону жолақтарын жаңарту бойынша жұмысты бастады. Жөндеу жолаушылар үшін қолайсыздық туғызатынын түсінеміз. Бірақ жаңарту аяқталғаннан кейін бұл әуежайлар заманауи Boeing және Airbus реактивті ұшақтарын қабылдай алады», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Оның атап өтуінше, аталған қалалардың әуежайларының ұшу-қону жолағы жағартылғаннан кейін келесі жаз мезгілдерінде Алакөлге баратын туристер саны артады.
«Әуежайларды жаңарту кезеңінде Алакөл көлінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін автобус және теміржол қатынасы ұлғайтылады. Тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Fly Arystan лоукостерінің маршруттық желісін кеңейту және рейстерді субсидиялау арқылы біз әуе тасымалын халық үшін қолжетімді етеміз. Негізінде Балқаш, Алакөл, Көкшетау сияқты танымал туристік бағыттарға назар аударылып отыр. Бұл мақсатқа 2,4 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда кейбір бағыттар бойынша ұшу құны теміржол көлігімен жүруден арзан екенін атап өткім келеді», - деді министр.