20 нау, 2021 сағат 17:08

«Ақжайық» чемпионаттағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Футболдан Қазақстан чемпионатының екінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Атырау» командасын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қос клуб та өткен жылғы маусымда бірінші топта өнер көрсетіп, премьер-лигаға жолдама алған еді.

Бірінші турда атыраулықтар Атырауда қарағандылық «Шахтерден» ұтылып қалса, оралдықтар сырт алаңда «Тобылға» 0:2 есебімен есе жіберген болатын. Сондықтан екі командаға да ұпай ауадай қажет еді.

Бірінші таймда футболшылар алма-кезек шабуылдағанымен, есеп ашылған жоқ. 

Матчтың екінші кезеңінде 73-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін биыл «Ақжайыққа» қайта оралған Орал футболының түлегі Еркін Тапалов баспен қақпаны дәл көздеді – 1:0. Матч соңына таман дөрекі ойнап, екі ескерту қағазы көрсетілген «Атырау» сапындағы польшалық шабуылшы Петр Гжельчак алаңнан қуылды.

Осылайша «Ақжайық» биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Украиналық маман Владимир Мазярдың шәкірттері келесі ойынын 4 сәуір күні сырт алаңда шымкенттік «Ордабасымен» өткізеді. 

Тағы бір кездесу елордадағы «Астана Арена» стадионында өтті. Мұнда «Шахтер» «Ордабасы» командасын қабылдады. 50-минутта «Ордабасы» сапындағы сербиялық қорғаушы Александр Симчевич мергендік танытты. 87-минутта Сергей Хижниченко есепті 2:0-ге жеткізді.