Ақтөбе қаласына әнші Димаш Құдайбергеннің фанаттары келді. Әлемнің бірқатар елінен жиналған жанкүйерлер оқу орындары мен қаланың көрікті жерлерін аралауға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбеде Димаш Құдайберген үшін арнайы туристік бағыт әзірленген. Екі күндік сапар кезінде әншінің фанаттары мен шын жанашырлары мектепке, музыкалық колледж бен ол тұрған үйге баруды жоспарлады.
«Ақтөбеге әлемнің бес елінен фанаттар келді. Олар үшін екі күндік туристік сапар ұйымдастырып беріп отырмыз. Алғашқы күні олар №32 мектеп гимназиясына барады. Мұнда әншінің ұстаздарымен кездесіп, оқушы Димашты тани алады. Музыкалық колледжде де оқытушыларымен кездесіп, студент шағындағы мекенмен танысуға мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге Димаштың үйіне барып, танысады. Қаланы аралау, көрікті жерлеріне саяхат та қарастырылған», - туристік компанияның бас директоры деді Мейрамгүл Балғожина.
Оның айтуынша, бір ғана туристік компания Димаш Құдайбергеннің ән кеші болатын кезде 200-ден астам туристі қабылдап, қызмет көрсетпек. Олар әлемнің 35 елінен өтініш білдірген. Алғашқы легі, ондағы 11 фанат Ақтөбені көруді мақсат еткен. Осы жолмен туристерді әкелу жалғаса береді.
«АҚШ, Ұлыбритания, Уругвай, Литва, Малайзия, Вьетнамнан бар. Жалпы мұндай турды 2017, 2019 жылдары ұйымдастырдық. Жалпы фанаттар Алматы, Астана, Түркістан, Тараз, Шымкентке барады. АҚШ-тан келген фанаттың бірі Аралға барып, оның проблемасын көтеруді көздеп отыр», - деді Мейрамгүл Балғожина.
Еске салсақ, Димаш Құдайберген Ақтөбедегі №32 мектеп-гимназияда білім алған.