03 қаң, 2024 сағат 15:11

Ақтөбеде Instagram-дағы жанжал төбелеске ұласқан: екі жасөспірім қаза болды

Фото: ©️ Tengrinews.kz

Ақтөбеде жаппай төбелес салдарынан кәмелетке толмаған екі жасөспірім қайтыс болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 3 қаңтарға қараған түні болған.

Ведомство мәліметінше, сағат 00:10 шамасында "102" пультіне Ақтөбе қаласы Қызылжар ауылында орналасқан "Алмаз" дүкенінің жанында жаппай төбелес болып жатқандығы туралы хабарлама түскен.

"Оқиға орнына полиция басқармасының жедел-тергеу тобы мен облыс прокуратурасының басшылығы шықты. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің ҚК-тің 1, 9, 14-тармақтарымен қылмыстық іс тіркелді" - делінген хабарламада.

Алдын ала деректерге сәйкес, 2 қаңтарда «Instagram» желісінде кәмелетке толмағандар А және В арасында жанжал туындап, нәтижесінде кәмелетке толмаған В келесі күні «Алмаз» дүкенінің жанында кездесуді ұсынған.

2 қаңтар сағат 23:00 шамасында топтық төбелес барысында кәмелетке толмағандар А және С пышақ жарақаттарын алған.

"Салдарынан Ақтөбе қаласы ЖМЖА-да алған жарақатынан есін жимай екі кәмелетке толмаған бала қайтыс болды.

Қылмыстық іс бойынша процесс прокуроры тағайындалды. Тергеу барысы облыс прокуроры жеке бақылауға алды" - делінген хабарламада.