Ақтөбеде грек-рим күресінен ел біріншілігі аяқталды. Жарыста Алматы облысының құрамасы бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе қаласында грек-рим күресінен ел біріншілігі аяқталды. Үш күнге жоспарланған чемпионатқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және 14 облыстан 200-ден астам бозкілем шебері қатысты.
«Күрестің айла-тәсілінің жоғары болғанын қалаймыз. Сондықтан еліміздің әр түкпірінен келген аға жаттықтырушыларды жинап, тағы бір кеңес өткіземіз. Негізі, былтырғымен салыстырғанда биыл көрсеткіш жоғары. Әлі де палуандарды ширата түсу керек. 77 келі салмақ дәрежесінде күрескен ақтөбелік Дәулет Жалғасовты ерекше атап кеткім келеді. Палуан өз бабында. Жалпы, Ақтөбе бес медаль алды. Әрқайсысы ұлттық құрамаға кіреді деп ойлаймын. Әділ Сисенбаевтың да көрсеткіші жоғары. Бұл жаттықтырушылардың жетісті, еңбегі», - деді ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жаңабай Оспанов.
Палуандар 10 салмақ бойынша күресті. Жалпы командалық есепте Алматы облысы 1-орын, Ақтөбе облысы 2-орын, ШҚО 3-орын алды.
«Алматы облысынан көп палуан қатысты. Олардың салмағы басым. Деңгейі жоғары. Ақтөбелік палуандардың дайындығы мықты. Тек көрермен болмады, спортшылар демеуді сезінбеді. Өзіміздің қателігімізді ескеріп, жұмыс істеуді жалғастырамыз Үш алтын аламыз деген жоспарымыз болған еді», - деді Ақтөбе облысының аға жаттықтырушысы Аманғазы Ізбай.