09 сәу, 2021 сағат 19:10

«Ақтөбе» мен «Ордабасы» 4:4 есебімен тең түсті

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі төртінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінгі соңғы кездесуде Алматы қаласындағы «Жас қыран» стадионында «Ақтөбе» мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары шеберлік байқасты. Бұл ойында барлығы сегіз гол соғылды. Шымкенттік клуб қатарынан Темірлан Ерланов 12, Жоао Паоло 36, 74, Сергеу Хижниченко 92-минуттарда мергендік танытты. Оған «Ақтөбе» құрамынан Игорь Сергеев 27, Еркебұлан Нұрғалиев 43, Рифат Нұрмұғамет 86, Михал Йерабек 94-минуттарда соққан голдарымен жауап қайырды. Осылайша кездесуде командалар 4:4 есебімен тең түсті. 

Тағы бір кездесуде Қызылордада жергілікті «Қайсар» Ақтаудың «Каспий» клубын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Алдымен ақтаулық командадан Руслан Мингазов 26-минутта есеп ашты. Ал екінші кезеңде қызылордалық клубтан Каролис Лаукжемис 47, Шоқан Абзалов 81-минутта көздеген нысадан мүлт кеткен жоқ.

Сондай-ақ, бүгін өз алаңында «Тараз» Қарағандының «Шахтерін» 4:0 есебімен тізе бүктірсе, Оралдың «Ақжайығы» Петропавлдың «Қызылжарына» 0:1 есебімен есе жіберді.

Ертең 10 сәуірде Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» мен Қостанайдың «Тобыл» клубтары кездессе, Алматыда «Қайрат» пен Түркістанның «Тұран» клубтары ойнайды. Аталған турдағы соңғы ойын 19.00-де елордада «Астана» мен «Атырау» арасында болады.