23 там, 2019 сағат 14:34

Ақтауда итбалықтарды емдеп, зерттейтін орталық ашылды

Ақтауда Қазақстандағы алғашқы Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Каспий итбалығының популяциясы бойынша зерттеулер туралы мәлім етті.

«Итбалық – Каспий теңізі фаунасындағы теңіз сүтқоректілерінің жалғыз өкілі. Түрлі деректер бойынша, олардың саны 100 мыңнан аспайды және бұл көрсеткіш жыл сайын төмендеп барады», - деді ол.

Ерлан Нысанбаевтың ақпараты бойынша, «Сәби» қайырымдылық қоры «Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты» ЖШС-мен бірге 2019 жылдың 6 тамызында Ақтауда Қазақстандағы алғашқы Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығын ашты.

Орталықты құрудың негізгі мақсаты - жараланған және ауру итбалықтарды оңалдыру, сонымен қатар жағалаудағы елді мекендердің тұрғындары арасында түсіндіру, ғылыми-зерттеу, халықаралық ынтымақтастық, білім беру жұмыстарын жүргізу.

Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, бүгінде Каспиймаңы мемлекеттерінің итбалықтардың саны бойынша зерттеулерінің нәтижелері айтарлықтай ерекшеленеді. Сондықтан нақты материалдарды алу үшін бірыңғай әдістемелік тәсілдерге негізделген бірлескен зерттеулер ұйымдастыру қажет.

Еске салайық, 2019 жылы «NCOC N.V.» компаниясы мен Ресей ғылым академиясы А.Н.Северцов атындағы экология және эволюция мәселелері институты ғылыми ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, 2023 жылға дейін Солтүстік Каспий аймағында Каспий итбалықтарын зерттеу бағдарламасы бекітілді.