22 ақп, 2023 сағат 10:40

Ақшолақов КҚК-ға мұнай жөнелтудің тоқтатылуына байланысты түсініктеме берді

Фото: kaz.tengrinews.kz

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Каспий құбыр консорциумының мұнай жөнелтуді тоқтатуына қатысты түсініктеме беріп, жұмысты қалпына келтіру мерзімін атады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министр мұнай жөнелтудің тоқтатылуы қолайсыз ауа райымен байланысты екенін растады. 

"КҚК-дағы жағдайға келетін болсақ, Қара теңізде қатты дауылдан не болып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Қазір ауа райына байланысты түрлі проблема бар. Кешегі жүк көлігімен болған жағдайды да көрдіңіздер. Дәл осы жағдайда жөнелту мүмкін емес, бұл қауіпті.

Синоптиктердің болжамы бойынша, бейсенбі күні ауа райы қалыпқа келуі керек. Бұл танкерлерге акваторияға кіруге және жүкті тиеуді бастауға мүмкіндік береді. Әзірге резервуар паркіне жұмыс істеп жатырмыз, мұнай өндіру тоқтатылған жоқ", - деді Ақшолақов Үкімет кулуарында.

Еске салайық, кеше Каспий құбыр консорциумы (КҚК) қолайсыз ауа райына байланысты Қара теңіздегі терминалдан мұнай жөнелтуді тоқтатқанын хабарлады.

"Он тоғызыншы ақпанда КҚК теңіз терминалында ауа райына байланысты мұнай жөнелту тоқтатылды. Өйткені қатты дауыл соғып, толқын болған. Осы уақытқа дейін Новороссийск портының капитаны дауыл шектеуін алған жоқ, болжам жағымсыз", - делінген КҚК хабарламасында.