Жарты ғасырға жуық уақыт АҚШ-тың саяси өміріне белсенді қатысушылардың бірі болған демократ Джо Байден, Американың 46-ыншы Президенті ретінде лауазымына ресми кірісті. 78 жастағы Байден ел тарихындағы ең қарт басшы болып отыр. Ол бұған дейін 36 жыл - сенатор, 8 жыл вице-президент қызметін атқарды. Ұлықтау рәсімінде Президент ретінде ант беріп, АҚШ Конституциясын және елді ішкі және сыртқы жаулардан қорғауға серт етті. Бұл туралы «Голос Америки» жаңалықтар қызметі хабарлады.
Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген АҚШ-тың 46-ыншы Президенті бүгінгі күн – демократия жеңіске жеткен күн болғанын атап өтті.
«Бұл – ұлы мемлекет және біз – жақсы адамбыз», - деді Байден. Оның айтуынша, елде көптеген дүниені қайта жөндеп, жаңадан құру қажет.
«Біз үлкен істерді жүзеге асыруға қауһарлымыз», - деді ол.
«Тарих, сенім және ақыл-парасат – бізге бірлікке бастар жолды көрсетеді», - деп қосты Президент.
Байден америка қоғамындағы келіспеушіліктер жікке бөлінуге алып келмеуі тиістігін еске салды. Ол барша америкалықтың президенті болатынын баса айтты. «Біз азаматтық емес бұл соғысты тоқтатуымыз керек... Атқарылуы тиіс істерді жүзеге асыру кезінде біз бір-бірімізге қажет боламыз», - деді АҚШ басшысы.
Елдің 46-ыншы президенті шешімін табуы тиіс түйіткілдердің арасында артып келе жатқан теңсіздік пен жүйелі нәсілшілдік барын атап өтті.
Инаугурация аяқталған соң Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис Арлингтон ұлттық зиратындағы Белгісіз солдат бейітіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Мәлім етілгендей, одан кейін АҚШ-тың жаңадан сайланған Президенті бірқатар құжатқа қол қойды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сәрсенбі күні Джо Байден АҚШ Президенті лауазымына ресми кірісті. Ал Камала Харрис вице-президент болды.
Еске салайық, 2020 жылдың 6 қаңтары күні АҚШ Конгресі сайлаушылардың дауысын есептеп, 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын шығару үшін жиналған болатын. Сайлауда демократтар партиясының өкілі Джо Байден жеңіске жеткен еді. Алайда, бұған дейінгі президент Дональд Трамптың жақтастары жаппай наразылық акциясын бастап, олардың бір тобы Конгресс ғимаратына басып кірді. Салдарынан 4 адам қаза болды.
Осыдан кейін АҚШ Конгресінің өкілдер палатасына Дональд Трамптың импичменті туралы ресми резолюция енгізілді. Ол бүлікке азғырды деп айыпталуда. Сенатта бұл мәселе қашан қаралатыны әлі жарияланған жоқ. Трамп кінәлі деп танылған жағдайда, оған мемлекеттік лауазымдарға қайта тағайындалуға тыйым салынуы мүмкін.
2021 жылдың 7 қаңтары күні Джо Байден АҚШ Президенті ретінде ресми танылды.