23 там, 2021 сағат 12:04

АҚШ-та жүріп қазақ тілін үйренген жаңа Бас консул Кэролайн Сэвидж Алматыға келді



Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж ханым Алматыға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматыдағы АҚШ Бас консулдығына сілтеме жасап.

Оның консулдық аймағына Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстары кіреді.

«Бас консул қызметіне кірісу үшін бұл ерекше уақыт, себебі биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр, әрі екі ел болып АҚШ пен Қазақстан дипломатиялық қатынасының отыз жылдығын атап өтудеміз. Әлі де қарқыны басылмаған пандемия да осы күні ерекше назарда және екі елдің COVID-19 індетіне қарсы бірлескен күресі АҚШ Миссиясының басымдылығы болып қала береді», - деді Бас консул Сэвидж. 

Бас консул Сэвидж - қазақ тілін Қазақстанға келер алдында оқып-үйренген алғашқы АҚШ-тың Бас консулы. 

«Осы қызметіме дайындалу кезінде қазақ тілін аса қызығушылықпен оқыдым. Қазақ тілін ендігәрі Қазақстан халқымен байланысымызды тереңдетіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін қолдануға асықпын», - деп атап өтті Бас консул Сэвидж. 

Бас консул Сэвидж АҚШ Мемлекеттік департаменттегі қызметін 2004 жылы бастаған. АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы болып тағайындалғанға дейін ол Вашингтонда орналасқан Жаһандық қоғаммен байланыс бюросының Шетелдік БАҚ өкілдері орталығын басқарған. Вашингтонда қызмет еткен жылдары Сэвидж ханым Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей және Орталық Азия бөлімінің басшысы және Ресей бөлімінде Саяси, әскери және сыртқы істер кеңесшісі, сондай-ақ Джорджтаун Университеті Дипломатияны зерттеу институтының Вирджиния және Дин Раск атындағы стипендия иегері және зерттеуші болды. 

Шетелде қызмет еткен жылдары Бас консул Сэвидж Әзербайжан мен Мозамбиктегі АҚШ елшіліктерінде Қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесші, АҚШ-тың Беларусьтегі елшілігінде Қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесші және консул, ал Люксембургтегі АҚШ елшілігінде Саяси және виза мәселелері жөніндегі қызметкер болған.