Америкада қазақстандық тіркеу нөмірімен жүрген Toyota Mega Cruiser аукцион арқылы сатылды. 1996 жылғы жол талғамайтын көлік жаңа Lexus LX-тен үш жарым есеге қымбат болып шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Motor.ru сайтына сілтеме жасап.
Сирек кездесетін көлік Астанада тіркелген. Мемлекеттік тіркеу нөмірінде "01" сериясы жазылған. Спидометрде 91 мың шақырымды көрсетіп тұр. Аукционға қатысқан сатып алушы ол үшін 310 мың долларды (148 миллионнан астам теңге) санап берді.
Toyota Mega Cruiser – жапон армиясы мен арнайы қызметтері үшін жасалған үлкен жол талғамайтын көлік. Оны 1995-2001 жылдары ішкі нарыққа шығарған. Сол кезде 150 данасы ғана жеке тұлғаларға сатылды. Ал Қазақстаннан жеткізілген көлік сән-салтанатымен жабдықталған үлгілерге жатады.
Көліктің рөлі сол жағында орналасқан. Салонда теледидар, тоңазытқыш, аудиожүйе, стационарлық телефон, орындықты жылыту, ал жүксалғышта бір адам жата алатын орын бар. Кейбір жерлері ағашпен көмкерілген. Орындықтар былғарымен қапталған.
Көліктің ұзындығы – 5,1 метр. Салмағы – 2,9 тонна. Ал қозғалтқыштың көлемі – 4,1 литр, турбодизель.