05 ақп, 2019 сағат 12:05

АҚШ-та Димаштың жеке концерті өтуі мүмкін

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорк қаласында жеке концерті өтуі мүмкін екенін айтты.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда қазақстандық тарап АҚШ-пен келіссөздер жүргізіп жатыр екен.

«Қазіргі таңда Димаштың АҚШ-та жеке концертін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ауқымды шоу болғанын қалаймыз. Шоу Нью-Йорк қаласындағы «Madison Square Garden»-нің үлкен залында өтуі мүмкін», - деді ол Үкімет отырысынан соң журналистерге. 

Сонымен қатар Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған концертті ұйымдастыру оңайға соқпайтынын жеткізді.

«Қазіргі таңда біз келіссөздерді жүргізіп жатырмыз. Бұл оңай мәселе емес. Димаш үлкен шоу ұйымдастырғысы келеді. Бұл үшін уақыт керек. Елестетіңізші, 15 мың көрермен болады. Димаш америкалық әншілерден кем түспейтіндей шоу өткізсем деп армандайды Оған жақсы репертуар, студия, бишілер, табиғи жанды дауыс қажет. Сондықтан бұл мәселені шешу оңайға соқпайды, - деді министр.