2020 жылы EndeavorRx – АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) балалардағы назардың жетіспеушілігі мен гиперактивтіліктің бұзылуы ауруын емдеуде қолдануға рұқсат берген алғашқы компьютерлік ойын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.
EndeavorRx ойынына АҚШ-та дәрігерлердің нұсқаулығымен ғана рұқсат беріледі. Оның бір қарағанда басқа ойындардан айырмашылығы жоқ. Заттарды жинап, түрлі әлем арқылы ғарыш кемесіне жүгіретін кішкентай адамды басқарасыз. Бірақ, қолданбаға негізделген ойын нейробиологтармен бірлесіп әзірленген және мидың зейін қызметінде негізгі рөл атқаратын аймақтарын ынталандыруға және жақсартуға арналған.
Дәрігерлер бұл бағдарламалық қосымшаны тағайындаған соң, баланың ата-анасына ойынның сілтемесі жіберіледі. Бұл ойынның тиімді әсеріне АҚШ-тың Джорджия штатындағы Саванна қаласының 13 жастағы тұрғыны Овейн мысал бола алады. Овейннің зейіні нашарлап, ол оқу үлгеріміне әсер еткен. Тағайындалған дәрі-дәрмектер балада жүрек айну мен бас ауруын күшейткендіктен тоқтатылған. Ойын тағайындалғаннан кейін көп ұзамай ата-анасы баланың мінез-құлқындағы оң өзгерістерді байқай бастайды. Мектепке дайындық нәтижелі болып, мұғалімдер тарапынан келетін жағымсыз хабарламалар азайған.
Endeavor әзірлеушісі – Бостондағы Akili техникалық фирмасы, ол алдағы уақытта ойынды Еуропаға шығаруды жоспарлап отыр.