06 мау, 2017 сағат 12:04

АҚШ мемлекеттік хатшысы араб елдерін бірлікке шақырды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Катармен дипломатиялық байланысын үзген Парсы шығанағындағы араб елдерін бірлікке шақырды. Тиллерсон бірқатар араб елдерінің бұл қадамын "күтпеген жағдай" деп бағалады.

Оның пікірінше, тараптар келіссөздер үстелінде бас қосып, келіспейтін мәселелерді бірлесе шешуі керек. Мемлекеттік хатшы қажет болған жағдайда, көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Бахрейн, Египет, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Катармен дипломатиялық байланыстарын үзгендерін мәлімдеді. Кейінірек Йеменнің ресми билігі, халықаралық қауымдастық таныған Ливияның уақытша үкіметі және Мальдив Республикасы осындай шешім қабылдады.

Бұл елдер Катармен байланыстың кез келген түрінен бас тартты. Олар Доханы "Ислам мемлекеті" мен "Әл Қаида" экстремистік ұйымдарына қолдау білдірді деп айыптап отыр.

Өз кезегінде Катар билігі дипломатиялық байланысты үзу туралы шешім "негізсіз тұжырымдар" негізінде қабылданған және "орынсыз әрекет" деп есептейді.