АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея елімізде болған қаңтар қасіретін тергеу барысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз Қазақстанда орын алған оқиғаларға қатты алаңдадық. Үкіметтің осы оқиғаларға қатысқандардың барлығын анықтап, жауапқа тартуға қатысты бүкпесіз жауабын қолдаймыз. Бірақ, сонымен қатар мұның барлығы заңнамаға сай болуы тиіс. Қазақстанда адам құқығын ілгерілеуге қолдау білдіреміз. Меніңше, бұл қаңтар оқиғаларынан кейін барынша өзекті бола түсті және ол соңғы 30 жылдағы біздің өзара қарым-қатынасымызды паш етеді», - деді ол бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуден кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Осы ретте ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин де аталған мәселеге қатысты ойымен бөлісті.
«Қаңтар оқиғалары бүгінгі диалогтың ең бірінші сессиясының тақырыбы болды. Оған тек қана СІМ ғана емес, сонымен бірге құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Бірінші кезекте Бас прокуратура өкілдері тергеу барысы жайлы егжей-тегжейлі жауап беріп, осы бағытта мемлекет қабылдаған іс-шаралар жайында айтты. Диалог жалғасып жатыр. Меніңше, америкалық тарап осы бағыттағы өзара іс-қимылымызға қанағаттанды», - деді Ақан Рахметуллин.