11 сәу, 2022 сағат 15:38

АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын қолдайды


Қазақстан мен АҚШ жоғарғы деңгейдегі стратегиялық серіктестікті кеңейтуге ниетті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зеяның сапары аясында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханның тең төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың бірінші отырысы өтті. Бұл тетік екіжақты қарым-қатынасқа қосымша серпін береді және Қазақстанның демкоратиялық күн тәртібін ілгерілетуге бағытталған», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, шара барысында тараптар БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіндегі ынтымақтастық, діни сенім бостандығы, Қазақстандағы саяси реформалар, халықтың әлжуаз тобының құқығын қорғау және ықпалдастыру, адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланған. 

Сонымен қатар әйелдердің, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары мен мүмкіншіліктерін кеңейту, қауіпсіздік, құқық қорғау салаларындағы ынтымақтастық, жемқорлықпен күрес мәселелері қозғалды. 

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық жасаған елді одан ары демократияландыруға, адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған саяси реформаларға баса мән берілді. Америкалық тарап Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы, мемлекеттік институттардағы саясатын одан ары жүзеге асыруға қолдау білдірді. Қазақстан мен АҚШ сындарлы ынтымақтастықты одан ары қолдауға және жоғары әрі жоғарғы деңгейдегі стратегиялық серіктестікті кеңейтуге ниетті», - деді Ақан Рахметуллин.