Бейсенбі күні АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшылығына коронавирус инфекциясының пайда болуын зерттеудің екінші кезеңін өткізуді ұсынды.
Бұл, сонымен қатар, тәуелсіз мамандарға Қытайда өткізіліп жатқан талдаулар мен бастапқы деректерді беруді қарастырады, деп хабарлайды Reuters.
Ухань қаласында қытайлық зерттеушілермен бірге төрт апта болған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тобы наурыз айында өзінің есебінде вирустың жануарлар арқылы жарқанаттардан адамдарға жұғуы мүмкін екенін айтқан.
Сонымен қатар, олардың айтуынша, жұқтырудың зертханалық жылыстану салдарынан болуы екіталай.
Женевадағы БҰҰ-ның америкалық миссиясының өкілі бейсенбі күні өзінің мәлімдемесінде ДДСҰ жүргізген коронавирус инфекциясының пайда болуына қатысты зерттеулердің бірінші кезеңін «жеткіліксіз және дәлелсіз» деді. Ол зерттеулердің екінші кезеңін өткізуге қолқалап, жеделдікке, ашықтыққа және жеткілікті көлемдегі деректерді беруге шақырды.
«Қытайдың тәуелсіз зерттеушілерге вирус пен пандемияның пайда болу көзіне қатысты бастапқы деректер мен талдауларды ұсынуы маңызды», - делінген хабарламада.
Өз кезегінде, бейсенбі күні АҚШ-тағы Қытай елшілігінің өкілі әлем бойынша тіркелген коронвирус инфекциясының барлық ерте оқиғаларына толық зерттеу жүргізуге, сонымен қатар әлем бойынша кейбір жасырын базалар мен биологиялық зертханаларды егжей-тегжейлі зерттеуге шақырды.
Женевадағы БҰҰ-дағы Британия елшілі Саймон Мэнли де жедел, ашық және дәлелдерге негізделген зерттеулердің екінші кезеңін жүргізуге шақырды.
Сәрсенбі күні болған денсаулық сақтау министрлерінің жыл сайынғы кездесуі кезінде ДДСҰ-ның жетекші сарапшысы Майк Райан мүше елдермен зерттеулердің екінші кезеңінің мазмұны туралы кеңесу өткізілгенін айтты. Оның айтуынша, ұқсас талқылаулар тағы алдағы апталар кезінде жалғасын таппақ.