28 жел, 2021 сағат 17:23

Ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлайтын киберполигон құрылмақ


Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау үшін киберполигон құру жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице-министрдің айтуынша, 2021-2022 жылдарға арналған «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім гранттарының саны 2632-ге дейін артты. 

«Бұған дейін 500 грант, тіпті 2017-2028 жылдары 100-ге жуық грант қана болатын. Ал қазір Білім министрлігі студенттерге осы мамандықтар бойынша білім алу үшін 2632 грант бөледі. 2020-2021 жылдары Ақпараттық қауіпсіздік саласында 542 маман оқытылды, төрт маман «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтті», - деді Асхат Оразбек Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында.

Спикердің сөзінше, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау және қайта даярлау бойынша киберполигон алаңын құру бойынша жұмыс істеп жатыр. 

«IT саласы өте жылдам дамып келеді, ақпараттық қауіпсіздік те бәрін қуып жетіп келеді, сондықтан адам өз саласының нағыз маманы атануы үшін ЖОО білімі жеткіліксіз және қайта даярлау қажет. Біз ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандар кезең-кезеңімен жаңа сын-қатерлерге дайындықтан және қайта даярлаудан өте алатын алаң құрамыз», - деді вице-министр.