ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі 10 маусымнан бастап өз қонақтары үшін есігін ашпақ. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқармасының Төрағасы Ахметжан Есімов отандық және шетел басылымдарына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ол басшылыққа келген кезінде құрылыс алаңында тек қана бетон жапсарлар мен оған бекітілген қабырғалардан басқа өзге ештеңе болмағанын еске алады.
«Мұндай жағдайда көріп, үлкен іске аса құлшыныс та, үміт те болмады. Содан кейін белді бекем буып жұмысқа кірісу керек екенін ұқтым. Алдымен, департаменттерді тексеріп, барлық шаруаның көлемімен және құрылымымен танысып шыққанды жөн санадым. Яғни, уақыт өте аз болды», - дейді Есімов өз сөзінде.
Ол: «Президентіміздің жан-жақты көмегінің, қолдауының арқасында біз 6 жыл бойы жасалатын жұмыстарды 21 ай ішінде аяқтадық», - деп ерекше атап өтті.
Ұлттық компания Төрағасы алғашқыда атқарылар істің нәтижесінің оң боларына сенбеген жұрттың және сыншылардың көп болғанын айтады.
ЭКСПО басшысы: «Біз үлкен жұмыс атқардық. Одан бөлек, мердігерлермен де даулар болды. Олар неғұрлым көп қаражатқа кенелгісі келді, бірақ біз бұл мәселені де біржақты қылдық. Нәтижесінде, 2014 жылғы жоспар бойынша бөлінген қаржыдан 300 млрд. тенге үнемдедік», - деп өз сөзін нақтылайды.