04 қаз, 2022 сағат 17:28

Ахмет Байтұрсынұлы және Алашорда үкіметі


Қазақтың ұлттық-демократиялық зиялы қауымы негіздеген ұлттық кеңес, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы (өкіметі), Қазақ мемлекеті туралы айтпас бұрын кеңес, үкімет, өкімет, мемлекет деген саясаттанудың ұғымдарына анықтама бере кету артық болмайды. ХХ ғасырдың басындағы ұлт ұландарының тарихи-саяси деңгей-дәрежесін сонда ғана салмақтауға мүмкіндік туады.

Мәселен, кеңес дегеніміз – белгілі бір мақсат-мүдделер үшін ұйымдасқан топты басқарудың өкілетті орталығы. Ол топтар саяси топ, әлеуметтік топ, этникалық топ, мамандар тобы болуы мүмкін. Басқа заңдық органдар болған жағдайда кеңес шешімдері міндетті түрде орындалатын шаралар бола бермейді, олардың шешімдері негізінен ұсыныс, талап-тілек сипатында болады. Қазақ ұлты үшін басқа заңдық органдар болмағандықтан, Ұлттық кеңестің қазақ қоғамында белгілі бір кезеңде ерекше роль атқаруының, Алашорда үкіметінің, Алаш автономиясы, қазақ мемлекетінің негізі болуының себебі де осы. Ал үкімет дегеніміз – атқарушы өкіметтің жоғары органы, үкімет мемлекетті тікелей басқарады. Алашорда үкіметі де осындай тарихи миссия атқаруға бар күшін салды. Өкімет дегеніміз – адамдардың мінез-құлқына, салт-санасына, іс-әрекеттеріне белгілі бір құралдар арқылы әсер етудің мүмкіндігі, қабілеті. Өкіметте ерікпен, беделмен, құқықпен, күшпен әсер етудің құралдары бар. Олар саяси үстемдік, мемлекеттік органдардың жүйесі болуы мүмкін [1:230]. Өкімет – билік. Биліктің саяси билік, мемлекеттік билік деген 2 түрі бар. Мемлекеттік билік – саяси биліктің ең жоғары, ең толық, ең дамыған түрі, оның өзегі [2:53]. Демек саяси қозғалыстар мен партиялардың басты, түпкі мақсаты – мемлекеттік билікке жету. Мемлекет дегеніміз – адамдардың қарым-қатынастары мен бірлескен іс-әрекеттерін ұйымдастырушы, бағыттаушы, бақылаушы саяси өкіметтің ұйымы, қоғамдағы әлеуметтік процестерді басқарушы, саяси жүйенің негізгі институты. Мемлекеттің негізгі белгілері: 1) өкіметтің заңдылығы (легитимность) және оны іске асыруға жеке билігі (монополия), 2) қоғамдық қатынастарды реттейтін институттарының болуы, 3) мемлекет құзыры жүретін халқы мен территориясы [3:36; 4:65-70]. Осы талаптар тұрғысынан келгенде, Алаш өкіметінің қазақ мемлекетін құруға деген іс-әрекеттері тарихи-саяси қажеттіліктер еді.

Уақытша үкіметтің әлсіздігі мен тұрақсыздығы Россия мен оның құрамындағы отар елдерде әлжуаз саяси жағдай қалыптастырып, бүкіл империяны анархия, зорлық пен зомбылық жайлады. Россияның отаршыл күштері атты казак әскерлері мен переселендер және соғыстан қайтқан солдаттар ұлт-азаттық қозғалысты басып-жаншуға, бейбіт елді тонау мен талан-таражға салуға бейім тұрды. Әуелде ұлттық қозғалыс, партия, автономия болып пісіп-жетіліп келе жатқан қазақ елінде Алашорда үкіметінің өмірге келуіне себепші болды, жағдай жасады, талап етті. Әйтпесе «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі Кеңес үкіметі мен большевиктер партиясына қарсы пайда болған «буржуазиялық-ұлттық» қазақ интеллигенциясының құрылымы емес еді. Елдегі, іргелес аймақтардағы қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, «Алаш» партиясының басшылары ұлттық автономия жариялап қана, біртұтас ұлттық мемлекеттік құрылым ғана елді саяси, әлеуметік, экономикалық апаттан құтқаратынын, бостандық жолына шыға алатынын көрегендікпен болжай білді. Россия империясының құрамында бұрын отарланып, бодан болып келген ұлттар мен ұлыстар 1917 жылдың ақпан, қазан революцияларынан кейін өздерінің автономиялық мемлекет екендіктерін жариялай бастады. Мәселен, 1917 жылдың 22 сәуірінде Закавказье Федеративтік Республикасы, 13 маусымда Украина Халық Республикасы, қазан айында Польша мен Финляндия, 17-18 желтоқсанда Белоруссия, желтоқсанда Литва мен Латвия, 1918 жылдың ақпанында Эстония өздерінің тәуелсіздіктерін жариялады. Сонымен, «Алаш» басшылары да 1917 жылдың қарашасында «Ұлт Кеңесі» деп аталатын үкімет пен ұлттық әскер құруды бастап кетті.

Қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қараған ІІ жалпы қазақ-қырғыз съезі 1917 жылы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында ашылды. Оған Бөкей елінен, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстарынан, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездерінен, Закаспий облысындағы, Алтай губерниясындағы қазақ-қырғыз халқынан 82 өкіл қатысты. Съезде қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын, Алаш облыстары үшін «Ұлт кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деді. Алашорда – Ұл кеңесінің төрағасы болып көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейханов сайланды. Съезд құжатында «Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын» дегеніне, Түркістан республикасы, Қоқан автономиясымен, олардағы қазақ өкілдерімен ортақ жиындарда бас қосып, ақылдас болып жүргеніне қарап, алты алашқа кіретін қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, башқұрт, қарақалпақтың бәрін болмаса да түрікменнен басқасының басын құрағасы келген бе деген де ой ұшқындайды. Съездің күн тәртібінде 10 мәселе қаралып, бесінші мәселе ретінде оқу-ағарту ісі талқыланды. Бұл мәселе бойынша Міржақып Дулатұлы баяндама жасап, бес адамнан тұратын комиссия құрылды. А.Байтұрсынұлы бастаған комиссияның құрамында Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Биахмет Сәрсенов, Телжан Шонанов болды. «Комиссияға қазақ-қырғыз елінде оқу ісін жүргізу тұжырымдамасын жасап, ... тез арада қазақ мектептері үшін оқу бағдарламасын дайындауды және жедел түрде оқулықтар жазу ісін ұйымдастыруды жүктейді» [5:333]. А.Байтұрсынұлының өмірбаянын көктей шолып қарағанда «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметінің іс-әрекеттерінде оның аты-жөні негізінен оқу-ағарту ісіне қатысты ғана кездесіп отыратындығынан Ақаңның саяси-әлеуметтік, экономикалық және т.б. мәселелерден гөрі білім-ғылымға, жалпы оқу-ағартуға көбірек ден қойғанын топшылау қиын емес. Мәселен, ол сот тергеушілерінің сұрақтарына берген жауаптарында да саясатпен емес, оқу-ағарту ісімен шұғылданғанын қайта-қайта ескертіп отырады.

«Алаш» партиясының саяси, Алашорда үкіметінің әлеуметтік-экономикалық жоба-жоспарлары мен асыл армандарын 1918 жылдың 5 қаңтарында большевиктердің Бүкіл ресейлік құрылтай жиналысын қарулы күшпен қууы мен қудалауы күл-талқан етті. Ә.Бөкейханов большевиктердің бұл қылмысты қылығын 1905 жылғы 9 қаңтардағы Николай патшаның «Қанды жексенбісімен» теңеді. Дегенмен де, «1918 жылдың наурыз айында Оралдан Мәсеуге Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедовтер аттанып, барған бетте Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы В.И.Ленинмен және ұлт істері бойынша халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға екінші жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысын табыс етеді» [5:350-351]. Кеңес үкіметі мен Алашорда үкіметінің мемлекеттік құрылым жөніндегі көзқарастары мен қағидалары сәйкес келмегендіктен, бұл қаулыға жауап кешеуілдегенмен, мұсылман ісі бойынша комиссар Вахитовтан «қырғыз істері бойынша Комиссариат құру үшін тез арада өкілдер жіберу» жөнінде жеделхат келеді. «Орталық Совет өкіметі Алашорда жетекшілерімен келіссөз жүргізу барысында екіжүзділік танытты» (6:162). Оған «Үш жүз» партиясының төрағасы К.Төгісов секілділердің жеделхатты Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Лениннің өзіне, көшірмесін Ұлт істері бойынша халық комиссары Джугашвили Сталинге жолдап, онда: «Батыс Сібір мен Далалық өлкеде «Үш жүз» деген Кеңес өкіметі платформасын ұстанған, қоян қолтық істес болып келе жатқан социалистік қырғыз партиясымен қатар басында атақты кадет Бөкейханов тұрған буржуазиялық «Алаш» та бар. Маған, «Үш жүз» партиясының төрағасына, Бөкейханов Сізбен тікелей сым арқылы қырғыздың автономиясы туралы әңгімелескені мәлім болды. Сіздің құзырыңызға «Алаш» партиясының қуып таратылып, оның мүшелерінің тұтқындалғанын жеткіземін. Дутов бүліктеріне көрнекті, белсенді қатысушылардың бірі Бөкейхановқа іздеу салынды. Газет деректеріне қарағанда, «Алаштың» көрнекті мүшесі Ғаббасов Москваға келгенде Сізбен жеке кездесіпті. Ғаббасовты тұтқындауға нұсқау беріп, Революциялық сот трибуналында контрреволюциялық бас көтерушілерге қатысушы ретінде қаралатындықтан Омскіге аттандыруыңызды сұраймын [7:206] деп отқа май құюы, дұшпандықты қоздыруы да негіз болды.

Осы кезде қазақ еліндегі бүкіл инициатива Кеңес өкіметінің Торғай даласындағы комиссары Ә.Жангелдиннің қолына көшеді. Ә.Жангелдин Сталинге жоғарыдағы қызметке өзімсіз ешкімді бекітпеңіз деген мазмұндағы жеделхат жібереді, сөйтіп ол орынға Мұхамедияр Тұнғачинді бекіттіреді. Алашордалықтар мен Ә.Жангелдиннің арасында бас араздық бар еді. Себебі кезінде «Қазақ» газеті Ә.Жангелдинді діни нанымы және фамилиясын өзгерткені үшін қатал сынға алған болатын, М.Тұнғачин «Қазақ» және татар басылымдарының цензоры болғандықтан, Торғай облыстық қазақтар съезінен Орынбор генерал-губернаторы Эверсманмен бірге қуылған болатын. Сөйтіп Алашорда үкіметі қайдағы бір Сібірдегі Уақытша бүкіл ресейлік үкіметтің 1918 жылдың 4 қарашасындағы грамотасымен таратылды.  

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Советский энциклопедический словарь. – Москва: Советская энциклопедия, 1990. – 163 с.

2. Жамбылов Д. Саясаттану. – Алматы: Жеті жарғы, 2003. – 288 б.

3.  Политологический словарь. – Москва: Высшая школа, 1995. – 192 с.

4. Политология. Энциклопедический словарь. – Москва: МКУ, 1993. – 431 с.

5. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Санат, 1995. – 368 б.

6. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 265 б.

7. Төгісов К. Шығармалар жинағы. –Алматы: Алаш, 2003. – 256 б.

Шапағат Жалмаханов, 

филология ғылымдарының докторы, профессор