16 мам, 2018 сағат 15:46

«Әкеге қоңырау шалу...»

«Су астындағы қызыл бұқаның өкіргенін ешкім естімейді. Сондықтан, ішіңдегіні ақтар, айт. Әйтпесе, кім түсініп жатыр дейсің, сені?!»

Жүйкемізді жұқартып, жүрегімізді ауыртып, тәуелсіздік алғалы талай фильмдерді көріп жүрміз ғой. Сыйықсыз сериялдар туралы сөзім жоқ, жақсысы болып жатса, жазығы жоқ көрерменнің жан азығы болсын.

Мен - кинотанушы не киносыншы емеспін. Жәй көрерменмін. Бірақ қазақ руханияты үшін қабырғамның асты қара тастай қатып, кейде тамырдай жібіп тұратыны бар. Барлық фильмдердің асты-үстіне шығып, жал-құйрығын сыйпалап, тісін санаудан аулақпын. Тек айтқым келгені - шүйде тұсымдағы ұйып қалған қанды қозғап, ұйықтап қалған ойларымды оятқан фильм туралы. Ол – Серік Апырымовтың «Әкеге қоңырау шалу» фильмі.

Алғашқы кадр. Телефон тұтқасын көтеріп әлдекіммен ауыр, зілді, кірпік қақпай қасқыркөздене сөйлесіп тұрған 24-25 тердегі жас жігіт. "Крупный планда" көзі ғана.  Оның кекті де ыза мен қыжылға толы сұсты көздері бірден жүрегіңе қадалған күйі қалып кетеді. Әрі қарай шерлі шегініс.

Бас кейіпкер – арманы бұлдыр, тағдыры тұлдыр, булығып сөйлеп сандырақ ойдан арыла алмайтын бала. Аты - Еркін. Неге оның аты Еркін? Оны оқиғаның астыңғы ағысынан сезінесің. Иә, астарынан.

Әкенің де шешенің де мейірімінен шет қалған шемен-бала. Алты-жеті жасар бала - қақпай мен құқайдың құрығында. Бұғанасы қатпай жатып тоз-тозы шыққан сұрқай ауылдың сұрықсыз үйінің ауыр жұмысының бәрі мойынында. Мектепке баруға да «миы толық жетілмеген» деген кінәраты бар. Бірақ шынтуайтында ондай да емес. Жасқаншақтық, жалтақтық оны томаға-тұйық қылып тастаған. Тұтығып сөйлеп, жауап береді. Бірақ, тұтанып, ойын айта алмайды. Бәлкім, айтқысы келмейді.

Сонымен, әке-шешесі бетінен қақпай өсірген Еркіннің  туған ағасы балыққа барамын деп суға кетіп өледі. Ерлі-зайыпты екеудің ортасында Еркін жалғыз қалады. Бұл – құдайдың сынағы еді.

Онсыз да еңсесі түскен ауылда ес жия алмаған шаңырақ шайқалады. Әкесі араққа салынып, шешесі үйге қонбай кеткенде де Еркін булығып жүреді. Шешесінің бөтен еркекпен кездесіп, соның етегіненен ұстағалы жүргенін  көріп, әкесін аяйды. Әкесінің әлсіздігін көріп, шешесін де жамандыққа қиғысы келмейді. Неге бұлай? – деп ойлауға өресі жетпей, үнсіз жылайды.. Қайтеді, енді? Жалғыз қалып, үрейге бой алдырғанда рәмәтлік болған ағасының бөлмесіне барып жұбаныш іздегісі келеді.

Ақыры шешесі бәрін тастап, әлгі бір көк етіктінің етегінен ұстап кетіп қалады.

Көз алдыңда Еркін әкесінің қатыгездеу тағдырының тарғыл жолына түсіп алып, тарымстана ержетіп келеді. 12-13 шамасында.

Баяғыдай түн жарымда төсегін былғап алып, таңға ұйықтамай ұятын кемістігіне балап отырмайды.  Баяғыдай кемістігі үшін қара жұмысқа күні-түні жегілмей, әкенің болымсыз ғана қамқорлығының арқасында уақтылы мектебіне барады. 

Бұзылған, қираған үйлердің арғы жағындағы тұңғиық терең шұңқырға-орға барып, өзі ғана түсінетін әлеммен үнсіз отырып тілдеседі. Анда-санда ауылдың ең биік төбесіне шығып аспанға қарайды. Ол, бірақ, сені өз ойына тартып, жетелемейді. Керісінше, сені өз әлеміңмен жолықтырады.

Әкесі өмірдің қатыгездігіне қарсы тұра алмай, теңселгенде қасына сүйеу болып, кей тұстарында сөзсіз-ақ, азуын көрсетіп қояды. Тағы-мінездің толғағы жете бастайды.

Жұртта қалған үйлердің кірпішін бұзып алып жатып, басына кірпіш құлап, қан жуған басымен медпункке барып кезек күтіп тұрғанда да ауыл жұртының қатыгездігіне үйренген бөлтірік-мінезді тағы көресің.

Шала мас әке баламен оңашада бірдеңелерді міңгірлеп сұрай бастағанда «мен Алматыға барғым келеді... арманым - детдом...» дейтіні бар еді. Иә, арманы...

Әкесі жалғыз сиырын сойып беріп, Еркінді Алматыда тұратын қайын әпкесіне табыстап, детдомға өткізуін сұрайды... қоштасар алдында баласына «су түбіндегі қызыл бұқаның өкіргенін ешкім естімейді. Мұңың болса, айт. Сырың болса,  ақтар. Әйтпесе, кім түсініп жатыр дейсің сені» - деп, ақыл айтқансиды. Оны кімге айтады? Одан арғы тағдыры белгісіз.

Тек фильмнің соңында бастапқыдағы кадр... «Алло. Кім бар үйде? Әкең бар ма?. Әкеңе телефон тұтқасын берші?.» деген қатқылдау, қатыгездеу үн. Қасқыркөзденген қатал ұл. Қатал тірліктің илеуінде жүріп, әбден пісіп, әккі болған әлгі бала – Еркін...

Бала – Еркіннің ешкімге қажеті жоқ боп жүретін елеусіз тағдыры мен  жасөспірім – Еркіннің «Алматыға барам... детдомға... оқығым келеді...» деген арманы, адамды ойландырмай қоймайды.  Жігіт – Еркіннің  қасқырға айналған көзі басқа, өзі басқа әңгіме айтып тұр. Сөзі - хәл сұрасқан адамның салқын әңгімесі. Көзі – менің жазығым қанша еді? Мен Еркін едім ғой... мені мұндай қатыгездікке неге үйреттіңдер, адамдар? – деген жан-дауысының ызғарлы үні тұр. Талай нәрсені тәпсірлеп тізіп айтуға болады. Одан да, оны сіздер айтыңыздар, қадірлі көрермен.

Фильмді көріп отырып, Жұмекендей жұмбақ ақынның ойшыл да терең өлеңін оқығандай болдым. Иә, кәдімгі өлең. Формасы киноға ұқсас болғанмен, мазмұны – поэзия. Мүмкін, мен ақындық әсеріммен айтып отырған шығармын. Аспанына қарадым. Астарына үңілдім. Көзіммен қарап отырып, көңіліммен көрдім.

Аяғында, «Су астындағы қызыл бұқаның өкіргенін» естімейсіз, көрмейсіз де. Қайта, қасқырға айналып ұлығанын сезінесіз. Сезінесіз де көкбөрі-тектес жүрегіңіздің  қақпанға түскендей тулап жатқанын байқайсыз.

Міне, «Әкеге қоңырау шалу...» Балаңды қасқырша тәрбиелеп алып, оны ит-тірлікке икемдеп, бауырмал, мейірімді де ақылды бала бол – деп айту да ақымақтық шығар, бәлкім. Бұл жерден кінәліні іздеп әуре болмаңыз. Өзіміздің өткенімізге ой жіберейік, көз жіберейік... тәуелсіздік алғаннан кейінгі өмірімізді Еркіннің тағдыры – деп тәпсірлейік. Сонда кінәліні емес, режисердің астарлы сұрағының жауабын табасыз.

Қош, әкеңізге қоңырау шалуды ұмытпаңыз!

Бақыт Беделхан

Ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері