Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатындағы негізгі месседждер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы сұхбаттағы бірнеше месседж менің назарымды ерекше аударды. «Әділдік», «әділеттілік» деген сөздерді бірнеше рет қайталап айтты. Біз әділдікке әбден сусап, шөлдеп қалған елміз ғой, сондықтан «әділет», «әділдік» деген сөздерді өте жиі айтқаны жүрегіме қонды. «Еңбекқорлық» деген сөзді де көп айтты. Біз өзіміз еңбек етпесек, сырттан ешкім ештеңе әкеп бермейтінін айтты. Әлемдегі дамыған елдердің бәрі өзінен-өзі ондай деңгейге жеткен жоқ. Оның бәрі білім мен еңбек арқылы келді. Сұхбаттың сол тұстары қатты ұнады. «Қазақтың тағдыры өз қолында» деген месседжді баса айтты. Бір ғана отан бар екенін, тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керектігін айтты. Қазақтың еркін ел ретінде іргесін нығайтуға қажет деген үлкен құндылықтардың бәрін қамтыды деуге болады. Мемлекет басшысының аузымен айтылуы керек деп күткен мәселелер айтылды, қысқасы», - деді қаламгер.
Сондай-ақ, ол қаңтар оқиғасы хақында «бәрі де сценарий бойынша болған» дегенге саятын пікірлермен келіспейтінін айтады.
«Қаңтар трагедиясы бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Біз асығып отырмыз. Бір айдан астам ғана уақыт өтті ғой. Осы бір айдың ішінде түсімізге де кірмеген, армандауға қорқатын нәрселер болды. Сондықтан кішкене сабырға келіп, тергеудің аяғын күтуіміз керек. Қазірдің өзінде жоғары жақ болсын, әр салада тазарудың алғышарттары байқалып қалды. Бұл енді тоқтамайтыны белгілі. Өйткені Президент батыл шешім қабылдай алатынын және барлық бақылау мен билікті өз қолына алғанын көрсетті. Мұның бәрі сценарий деп айтуға келмейді. Сценарий деп жүргендер бар ғой, сценарий болса, мынандай дүниелерді жасау мүмкін болмас еді», - дейді ақын.
Ақберен Елгезек қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның көмекке келуімен байланысты уайымы болғанын да жасырмады.
«Бәріміздің көкейімізде бір уайым болған еді. «Солтүстік көршіміздің ықпалына түсіп қалды» деп ойлап жүргенбіз. Бірақ Ресей Президенті Қазақстанмен арада ешқашан жер мәселесі, шекара мәселесі көтерілмейтінін айтты. «Біз тәуелсіз мемлекеттер ретінде теңқұқықты деңгейде араласамыз» деген тұспалы да елге, сонымен қатар, алыс-жақын мемлекеттерге үшбу сәлем ретінде естілді. Аш қалсақ та, тәуелсіз болғанымыз артық, Оны біз қаңтар оқиғасында толық сезіндік деп ойлаймын. Мемлекетіміздің іргесі шайқалып, халифат па, басқа бір құрылым болып кете жаздадық.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік контингентін шақыру туралы өте дұрыс мәселені түсіндірді. «ҰҚШҰ әскері Ресейдің жеке меншік әскері емес» екенін, сол сәтте Қазақстандағы жағдайдың реттелуі Ресейдің ғана емес, ұйымға мүше өзге елдердің де геосаяси мүддесіне сай болғанын себебін көрсете отырып түсіндірді. Өйткені іргесіндегі Қазақстанда лаң болып жатқаны Ресейге де, Қырғызстанға да, өзге елдерге де қажет емес. Қаңтар оқиғасы кезінде тек Қазақстанның ғана емес, ҰҚШҰ-ға кіретін елдердің де мүддесі қорғалды. Соны дипломат ретінде, саясаткер ретінде баса айтты», - деді Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары.
Қоғам қайраткері Президент сұхбаты туралы әлеуметтік желіде тарап жатқан пікірлерге де тоқталды.
«Әлеуметтік желіде «Президент өз сұхбатында ана мәселені былай деп айтуы керек еді», «мына мәселені бүй деп айту керек еді» деп жазып жатыр. Мемлекет басшысы іргелі, ірі мәселелерді айтуы керек. Қалғанының бәрін, түсіндіру жұмыстарын мемлекеттік машина атқаруы керек. Сол үшін құрылған ақпараттық-идеологиялық құрылымдар бар. Президент негізгі, ірі концептуалдық дүниелерді айтуы керек. Әр мәселені ежіктеп, тәпсірлеп отыру оның деңгейіндегі шаруа емес. Бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын бастан-аяқ талдап, жіліктеп беретін еді ғой. Қазіргі Президенттің кезінде неге олай істемейтінін мен түсінбеймін. Соның салдарынан халықтың ішінде түсінбеушілік болып жатуы мүмкін», - деді ол.
Оның пайымынша тіл реформасы, латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша да Президенттің ұстанымы айқын.
«Латынға байланысты айтсақ, өз басым солтүстік көршіміздің ықпалы бар екенін білем. Әйтпесе, бәрі дайын. Қаншама нұсқасы сүзгіден өтті?! Қазір латын графикасын енгізе салудың ешқандай қиындығы жоқ. Кезінде латынға көшудің шығыны шаш етектен екенін айтқандар болды. Қазіргі кезеңде бизнестің бәрі көшіп алды. Кез келген дүниенің латынша атауы дайын тұр. Бұл өзі заңды процесс болып кетті. Бұл жерде таза геосаяси мәселе ғана бар деп ойлаймын. Қалған жағынан латынға көшу бойынша ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпыз. Бірақ Президентке бізге қарағанда көп нәрсе айқын ғой. Сол тұрғыдан алғанда, асықпайық десе, асықпау керек», - деп түйіндеді Ақберен Елгезек.