«Томирис» фильмінің режиссері Ақан Сатаев туындыны түсірерде қай тарихшыдан кеңес алғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тарих жағынан біздің кеңесшіміз - Алмас Баймұханұлы Ордабаев. Әр түсірілім күнінде ол тарихшы біздің қасымызда болды. Ол кісілерсіз біз бір қадам да жасамаймыз», - деді Ақан Сатаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Режиссердің айтуынша, «Томирис» фильмінің сценарийіне Әлия Назарбаеваның да қатысы бар.
«Тимур Жақсылықов екеуі сценарийдің идеясын басынан бастап айтты. Сонымен қатар, айта кетейін: фильмде тағы бір жарқын тұлға бар – ол Кир патша. Мен оны сол заманның ұлы тұлғаларының бірі деп есептеймін. Біз бұл персонажға өте зор құрметпен қарадық. Сондықтан ирандық көрермендер біздің картинаны көрсе – аса бір уәж бола қоймайды. Себебі бұр жерде сұрақты Геродотқа қою керек. Бұл – сол тұлғаның айтқаны. Әлемдегі халықтардың 90 пайызы бұл тарихты солай қабылдайды», - деді Ақан Сатаев.