Режиссер Ақан Сатаев күні ертең прокатқа шыққалы отырған «Томирис» фильмі қалай түсірілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«93 күн түсірілді. Жалпы жобаны шығару кезеңі екі жарым жылға созылды. Кей күндері түсірілім алаңында бір уақытта 800 адамға жуық кісі болды. Шығармашылық топтың құрамында ең көп дегенде 400 адам болдық. Төрт үлкен локациямыз - Шонжы, Қапшағай және Алматы, Көкшетау. Біз ең басында мүмкін, Вавилон, Кир патшасы бар кино бөліктерін Мароккода түсіреміз деп ойлағанбыз. Бірақ, біздің суретшілеріміз барып, ол жақтың декорацияларын көріп келгеннен кейін кішкене қаражат жағын үнемдеу туралы шешім қабылданды», - деді фильм режиссері Ақан Сатаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Режиссер өз сөзінде бұл фильм Альмира Тұрсын үшін дебютті фильм екенін атап өтті.
«Альмира кино табалдырығын енді ғана аттап отыр. Бірақ, менің сенімім мол – ертеңнен бастап біздің киномызда жаңа жұлдыз пайда болды деп толығымен айта аламын», - деді ол.
Еске сала кетсек, режиссер Ақан Сатаев осы жазда «Томирис» фильмінің трейлерін жариялаған болатын. Трейлерде жақындарынан айырылған кішкентай Томиристің Сақ патшайымы лауазымына дейінгі өмір жолы көрсетіледі. Онда Сақ тайпаларының Парсы патшасы Кирге қарсы жорығы көрініс тапқан және кейіпкерлер ежелгі түркі, ежелгі парсы тілдерінде сөйлейді
Фильмге еліміздің танымал киножұлдыздары Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисембин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпековтер түскен.
Фильм 27 қыркүйектен бастап прокатқа шығады.