17 шіл, 2020 сағат 10:45

Аида Балаева: Мемлекеттік тілде де ақпарат жеткілікті болуы керек

Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева баяндамашыларға қазақ тілінде де сөйлеу қажеттігін ескертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Барлық баяндамашыларға айтарым, слайдтың бәрі орысша болғаннан кейін өздеріңіздің баяндамаларыңызды қазақша жасауға болады ғой. Өйткені, бұл жиналысымыз фейсбукте өтіп жатыр. Бұған қоса, біз ақпараттандыру мәселесін айтып отырмыз. Ал мемлекеттік тілде ақпарат жеткілікті емес. Жұмысымыз орыс тілінде жүргізілгеннен кейін халық түсінбей отыр», - деп ескертті министр.

Оның атап өтуінше, баяндамашының слайды орыс тілінде болса, онда баяндамасын қазақ тілінде жасауы қажет.

«Слайдтарымыз орысша жасалса, баяндаманы қазақша жасауға болады. Не болмаса слайдтарды қазақша, баяндаманы орысша жасасақ. Комиссия мүшелері және баяндамашылар осы мәселені қаперде ұстау қажет сияқты», - деді Аида Балаева.

Айта кетейік, Аида Балаеваның төрағалығымен онлайн форматта өткен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың ақпаратқа қол жеткізу мәселелері, мемлекеттік органдардың ашықтық деңгейін жыл сайынғы бағалаудың негізгі қорытындылары, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасының жұмысы, сондай-ақ «Ашық бюджеттер» порталын жетілдіру бойынша жұмыс жоспарының орындалуы талқыланды.