18 нау, 2021 сағат 14:12

Аида Балаева: Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында рухани жаңғырудың сан түрлі белестерінен өттік

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында халқымыздың рухани әлемі, ұлттық санасы мен дүниетанымы жаңарды, рухани және мәдени қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруа атқарылып келеді.

Бұл туралы «Рухани даму және ұлттық дәстүрлерді сақтау» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Наурыз мейрамы ынтымағы жарасқан халқымыз үшін қашанда бірлік пен татулық мерекесі. Әсіресе осы жылы біздің еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Президентіміз осы жылды «Реформалау жылы» деп жариялаған болатын. Бұл мерекенің маңызы арта түседі деп ойлаймын. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көктем мерекесінің мазмұнын байыту туралы тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес жаңа тұжырымдама әзірленіп, соның негізінде қоғамды игі істерге жұмылдырып, рухани адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталған іс-шаралар кешені жоспарланып отыр», - дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, руханият мәселесіне тек ескі салт-дәстүрдің жиынтығы деп қарамау керек, ол - ескінің тозығын тастап, жаңаның озығын дамыту деген сөз.

«Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында рухани жаңғырудың сан түрлі белестерінен өттік. Халқымыздың рухани әлемі, ұлттық санасы мен дүниетанымы жаңарды, рухани және мәдени қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруа атқарылып келеді. Бұл тұрғыда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – рухани дамудың басты алғышарттарының бірі деп білемін. Бүгінгі дөңгелек үстелдің тақырыбына арқау болып отырған рухани даму мәселесі де біртіндеп өрлеу мен жоғары құндылықтарды ұғынуды мақсат етеді. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Жалпақ әлемді аузына қарату үшін рухани ерлік керек, жалпақ әлемге қысылып-қымтырылмай қарау үшін рухани байлық керек» деген сөзі руханияттың қоғамдағы және адам өміріндегі рөлін анық көрсетіп отырғаны рас. «Пайда ойлама, ар ойла» деген Абайдың сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әттеген-ай деген мәселелер де аз емес. Теріс қылықтарды әлеуметтік желілерден де, телеарналардан да жиі айтып, сынға айтып, талқылап жүрміз. Осының бәрі рухани дамуға қатысты ойларға жетелейді», - дейді ол. 

Сондай-ақ, Аида Балаева ұрпақ тәрбиесінің өзегі, түп негізі отбасынан бастау алатынын айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік отбасылық демографиялық саясаты – біздің министрлік құзырындағы басты салалардың бірі. Сондықтан бұл бағыттағы сұрақтар үнемі назарымызда. Бұл орайда қоғамдық талқылаулардың, сарапшылардың пікірі біз үшін әрқашан маңызды», - дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Іс-шараға мемлекеттік органдар мен ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сарапшылар қатысуда. Сондай-ақ, шараға қатысушылар рухани даму, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, саналы және рухани ұрпақты тәрбиелеу мәселелерін талқылауда.